«Қазгидромет» Шығыс Қазақстан облысы филиалының мәліметіне қарағанда, облыс аумағындағы қар жамылғысы 32 пайызға дейін азайған. Әсіресе Глубокое, Марқакөл және Алтай аудандарында қардың биіктігі 20 сантиметрден 43 сантиметрге дейін төмендеген. Ал Тарбағатай, Зайсан, Күршім, Ұлан және Самар аудандарының басым бөлігінде қар толық еріп кеткен, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өңірдегі ірі өзен арналары мұздан ашылған. Жағалауларда мұз үйінділері мен қалдықтары байқалады. Соған қарамастан су деңгейі қауіпті шектен төмен сақталып отыр. Қазір өзендердің арнасынан асуы, елді мекендердегі тұрғын үйлер мен үй маңындағы аумақтарды су басу дерегі тіркелмеген.
Гидротехникалық құрылыстар да тұрақты бақылау режиміне көшірілген. Бұқтырма су қоймасында мұз қабатының әлсіреуі байқалады. Мұндай кезеңде су нысандарының жай-күйін күн сайын қадағалау аса маңызды. Себебі көктемгі еріген қар суы мен өзен ағынының өзгерісі қысқа уақыт ішінде жағдайды күрделендіріп жіберуі мүмкін.
Су тасқынының алдын алуға бағытталған кешенді жұмыс жалғасып жатыр. Су деңгейі гидропостар желісі арқылы бақыланады. Су басу қаупі бар учаскелерге әуеден мониторинг жүргізілуде. Қазірдің өзінде 7 аэровизуалды барлау жасалған. Осындай бақылау тетігі қауіпті аумақтарды ертерек анықтап, нақты шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Тұрғындармен алдын алу жұмысы да күшейтілген. Тұрғын үй секторында 675 рейд ұйымдастырылған. Халыққа үй маңындағы арықтарды, су ағатын арналары мен өзен маңын уақытылы тазалау жөнінде ұсыныс берілген. Көктемгі кезеңде осындай қарапайым сақтық шараларының өзі үлкен қауіптің алдын алуға әсер етеді.
Жағдай күрделене қалған жағдайда жергілікті атқарушы органдардың қорында жеткілікті резерв әзірленген. Атап айтқанда, 82,2 мың қап, 10 278 тонна инертті материал және 393,65 тонна жанар-жағармай дайын тұр. Қажет кезде жедел әрекет ету үшін 3677 адамнан тұратын күштер мен құралдар тобы жасақталған. Олардың қарамағында 556 бірлік техника, 75 жүзу құралы және 234 мотопомпа бар.
Қауіпсіздік шарасының тағы бір маңызды бөлігі – тұрғындарды уақытша көшіру мүмкіндігі. Жалпы сыйымдылығы 21 мыңнан асатын 182 уақытша орналастыру пункті дайындалған. Демек өңірде су тасқыны қаупіне қатысты тек бақылау емес, нақты іс-қимыл алгоритмі де әзір тұр.
Қазір Шығыс Қазақстандағы жағдай тұрақты. Дегенмен көктемгі кезеңде арқаны кеңге салуға болмайды. Қардың күрт еруі, өзендегі мұздың жылжуы, су қоймаларындағы өзгеріс – бәрі де тәулік сайын назарда болуы керек. Сондықтан өңірде жүргізіліп жатқан бақылау, рейд, әуе барлауы мен қор жинау жұмыстары алдағы тәуекелді азайтудың негізгі тетігіне айналып отыр.
Шығыс Қазақстан облысында Ғылым қызметкерлері күніне арналған ғылыми кеңестің екінші отырысы өтті. Жиында өңірдің ғылыми әлеуетін дамыту, инновацияларды өндіріске енгізу және цифрландыру мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар, облыстың ғылым саласын дамытуға үлес қосқан бірқатар ғалым марапатталды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







