2024 жылдың басынан бері 14,4 мыңға жуық этникалық қазақ қандас мәртебесін алды. 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 142,7 мың этникалық қазақ оралды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жариялады, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың 45,8%-ы Қытайдан, 39% – Өзбекстаннан, 5,9% – Моңғолиядан, 5,2% – Түрікменстаннан, 2,9% – Ресейден және 1,2% басқа елдерден.
1 қазандағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 57,6%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 33,1%-ды және зейнеткерлер 9,3%-ды құрайды.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17,9%-ы жоғары білімді, 24,4%-ы орта кәсіби білімді, 54,4%-ы жалпы орта білімді және 3,3% білім жоқ.
Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды.
Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін еңбек күші тапшы өңірлер анықталған: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
Министрлік мәліметінше, қоныстандыру өңірлерінде 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 3 033 адам болды. 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 2 477 қандас қоныс аударды.
«Жыл басынан бері 2140 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 575 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4,28 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді», — деп жазылған министрлік хабарламасында.