Талғарға Ұлттық ұлан сарбаздары жұмылдырылды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz
Қазіргі уақытта Алматы облысының Талғар қаласында қоғамдық тәртіп пен тұрақтылықты қадағалау үшін Ұлттық ұлан әскери бөлімінің жеке құрамы жұмылдырылды.
«Өткізілетін іс-шаралар қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған. Азаматтардан әскерилердің міндетіне түсіністікпен қарауды сұраймыз», – деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, 12 қазанға қараған түні Талғар трагедиясында қаза тапқан Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті. Бұл туралы әлеуметтік желіде хабарлана бастады.
Бұл дерекке Полиция департаменті жауап берді. 12 қазанға қараған түні Еңбекшіқазақ ауданы Азат ауылындағы үйлердің бірінде өрт болды.
Полиция бөтеннің мүлкін қасақана жою дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Тергеу аясында куәгерлерден жауап алынып жатыр, сондай-ақ бейнебақылау камераларының жазбалары зерттеліп жатыр.
Артынша Шерзат Болаттың отбасын полиция күзететіні белгілі болды.
Бүгін, 12 қазанда Бас прокуратураның басшылығымен қылмысты ашу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды.
Кінәлілерді әшкерелеу үшін барлық шаралар қабылданатын болады. Қылмыстық iс Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бақылауына алынды.