Қазақстанда байланыс операторларына қойылатын жаңа талаптар интернет тарифіне әсер етуі мүмкін, деп жазады Ertenmedia.kz.
Сенатта цифрландыру, дербес деректерді қорғау, жол қозғалысы және көліктегі озық технологияларды реттеу мәселелері бойынша заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Құжаттағы нормалардың бірі байланыс операторларын телекоммуникация желілерін орталықтандырылған басқару жүйесіне міндетті түрде қосуды көздейді.
Мұндай жүйе телекоммуникация инфрақұрылымының тұрақтылығын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар ол кибершабуылдар мен басқа да қауіптерден қорғанысты күшейтуі тиіс.
Алайда жаңа талап операторлар үшін қосымша шығын әкелуі мүмкін. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осы мәселеге назар аударды.
Оның айтуынша, операторлар жаңа жүйеге қосылу үшін өз желілерін жалғауға қажетті порттық сыйымдылықты жалға алу қызметіне ақы төлеуі керек болады. Яғни компаниялар бұрын болмаған жаңа шығынға тап болуы ықтимал.
Мәулен Әшімбаев бейінді мемлекеттік органдарға осы шығындардың халыққа арналған интернет тарифіне ауысып кетпеуін қамтамасыз етуді тапсырды.
«Бұл қосымша шығындар туралы айтып тұр. Осы шығындар операторлардың интернет тарифіне салынбауы үшін механизмді пысықтау қажет», деді Сенат төрағасы.
Интернет қазір қосымша қызмет емес. Ол жұмыс, оқу, банк операциялары, онлайн сауда, мемлекеттік қызметтер және күнделікті байланыс үшін негізгі құралға айналды. Сондықтан тарифтің кез келген өсуі миллиондаған азаматқа әсер етеді.
Мәселе әсіресе ұялы байланыс пен интернет отбасылық тұрақты шығындардың біріне айналған кезеңде өзекті болып тұр.
Сенатта жаңа қауіпсіздік талаптары байланыс қызметінің қымбаттауына автоматты түрде әкелмеуі керек екені айтылды. Мәулен Әшімбаев мемлекеттік органдарға халықаралық тәжірибені және заманауи технологиялық шешімдерді зерделеуді ұсынды.
Әзірге операторлардың жаңа шығынын өтеу немесе оны бөлу тетігі нақты ұсынылған жоқ.
Бұған дейін мобильді байланыс бағасының өсуіне қатысты шағымдардан кейін Мәжілісте тарифтерді бақылау мәселесі көтерілген еді. Цифрлық даму министрлігі антимонополиялық бақылауды күшейту бастамасын қолдауға дайын екенін мәлімдеген.
Сонымен қатар 2025 жылы Қазақстанда ұлттық Wi-Fi операторын іске қосу жоспары айтылған. Ол мектептерде, ауруханаларда, әуежайларда, вокзалдарда және шекара бекеттерінде тегін интернет ұсынуы тиіс.
Осылайша, телекоммуникация саласында қауіпсіздік пен қолжетімділік арасындағы тепе-теңдік мәселесі алға шықты. Мемлекет желілерді қорғауды күшейткісі келеді. Ал азаматтар үшін ең маңыздысы, жаңа талаптар интернет бағасының өсуіне себеп болмауы керек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







