Мәжілістегі AMANAT фракциясының депутаты Тілектес Адамбеков «Таза Қазақстан» бастамасын күшейтіп, оны институционалдық деңгейде дамыту жөнінде Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Депутаттың айтуынша, Мемлекет басшысы ұсынған бастама бүгінде елдегі ең ауқымды қоғамдық жобалардың біріне айналды. Ол енді бір реттік сенбілік немесе маусымдық акция ретінде ғана қабылданбауы керек. «Таза Қазақстан» қоғамда жаңа экологиялық мәдениет, ортақ жауапкершілік және туған жерге жанашыр көзқарас қалыптастыратын тұрақты құндылыққа айналуы тиіс.
Тілектес Адамбеков өз сауалында референдумда қабылданған Конституцияда табиғатқа ұқыпты қарау мәселесіне ерекше мән берілгенін атап өтті. Сонымен қатар Үкімет 2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасын бекіткенін еске салды. Құжат экологиялық жағдайды жақсартуға, инфрақұрылымды дамытуға және халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған.
Осыған байланысты депутат «Таза Қазақстан» қағидаттарын барлық саяси партиялардың бағдарламалары мен жарғыларына енгізуді ұсынды. Оның пікірінше, аталған бастама саяси идеология емес, қоғамды біріктіретін ортақ құндылық болуы керек.
Сондай-ақ ол «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру үшін жалпыұлттық қозғалыс немесе тұрақты жұмыс істейтін штаб құру қажет деп санайды. Депутаттың айтуынша, жоба қоғамды топтастыратын үлкен әлеуетке ие.
Бұдан бөлек, бастама аясындағы жобалар мен іс-шаралар туралы ақпаратты кеңінен тарату үшін арнайы цифрлық платформалар мен сайттар іске қосу ұсынылды. Мұндай құралдар тұрғындардың қатысуын жеңілдетіп, өңірлердегі экологиялық жобаларды ашық көрсетуге мүмкіндік береді.
Тілектес Адамбеков экологиялық акциялардың көбіне көктем мен күзде ғана өтетінін айтып, мұндай жұмысты жыл бойы жүргізу керек екенін жеткізді. Оның пікірінше, табиғи және тарихи нысандарды қоқыстан, түрлі жазу мен граффитиден тазарту шаралары тұрақты ұйымдастырылуы қажет.
Депутат ауыл шаруашылығы үшін жаңбыр және қар суын жинау, тазарту, сақтау жүйесін дамыту мәселесін де көтерді. Сонымен қатар елді мекендер арасындағы автожолдардың бойында көпжылдық ағаштардан «жасыл дәліздер» қалыптастыруды ұсынды. Мұндай орман жолақтары қыс мезгілінде қардың жолға үйілуін азайтып, трассалардың жиі жабылуына тосқауыл бола алады.
Депутаттың сауалы «Таза Қазақстан» бастамасын қарапайым тазалық акциясынан кеңірек деңгейге көтеруге бағытталған. Экологиялық мәдениет, су үнемдеу, жол бойын көгалдандыру және тарихи нысандарды қорғау қатар жүргенде ғана бұл жоба нақты қоғамдық қозғалысқа айналуы мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







