Қазақстан азаматтары жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін ауылдық жерден 25 сотыққа дейін жер телімін тегін алуға құқылы. Суармалы жер үшін тегін берілетін аумақ 15 сотықпен шектеледі, ал өтініш берушінің сол елді мекенде тіркелуі міндетті талап саналмайды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жер кодексіне сәйкес, азаматтарға жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін ауылдық жерде суарылмайтын жерден 0,25 гектар, яғни 25 сотыққа дейін жер тегін берілуі мүмкін. Ал суармалы аумақта бұл мөлшер 0,15 гектар немесе 15 сотықты құрайды.
Мұндай жер телімдері үй маңындағы және егістік үлестерін қамтитын жеке қосалқы шаруашылық жүргізуге арналған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің түсіндіруінше, жеке қосалқы шаруашылық азаматтың өз қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған қызмет түрі саналады.
Алайда кез келген бос жатқан жерді тегін алуға мүмкіндік жоқ. Егер белгілі бір телім сауда-саттыққа, соның ішінде аукцион арқылы өткізу жоспарланған жерлердің тізіміне енгізілсе, ол тегін жеке меншікке берілмейді.
Тағы бір маңызды шектеу бар. Жеке қосалқы шаруашылық үшін белгіленген мөлшердегі жерді мемлекеттен тегін алу құқығы, жалпы ереже бойынша, бір рет қана беріледі. Жер кодексінде арнайы көрсетілген жағдайды қоспағанда, осы мақсатпен жерді екінші рет тегін алу мүмкін емес.
Жер телімін алу үшін азамат өзі таңдаған аумақ орналасқан жердегі әкімдікке өтініш береді. Өтініште жерді қандай мақсатқа пайдаланатынын, болжамды көлемін, орналасатын жерін және қандай құқық түрін қалайтынын көрсету қажет.
Сонымен бірге өтініш беруші өзінің басқа жер телімдері бар-жоғын хабарлауы тиіс. Жеке қосалқы шаруашылық үшін жер алуға жеке кезек жүргізу заңнамада қарастырылмаған.
Жер алуға қатысты ақпаратты қайдан алуға болады?
Мұндағы тағы бір маңызды нюанс – тегін беру бірден толық жеке меншік құқығын рәсімдеу дегенді білдірмейді. Жер кодексі бойынша жеке қосалқы шаруашылықтың үй маңындағы телімі мен жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер жеке меншікке жер игерілгеннен кейін беріледі. Игеру кезеңінде жер уақытша жер пайдалану құқығымен берілуі мүмкін.
Бос жерлер туралы ақпаратты жергілікті атқарушы органдар ашық жариялауға міндетті. Азаматтар әкімдіктердің ресми ресурстарынан, мемлекеттік мүлік тізілімінің порталынан ақпарат алады. Сонымен қатар арнайы ақпараттық стендтерден қандай жер телімдері бос екенін немесе қай аумақтардың аукционға шығарылатынын біле алады.
Әкімдіктер мұндай мәліметтерді тоқсан сайын жаңартып отыруы тиіс. Сонымен бірге жер алған азаматтар жөніндегі ақпарат та ашық жарияланады. Онда жердің мақсаты, көлемі, орналасқан жері, берілген құқық түрі және қажет болған жағдайда жалдау мерзімі көрсетіледі.
Ауыл шаруашылығы министрлігінде 2024-2026 жылдары жеке қосалқы шаруашылық үшін қанша өтініш беріліп, нақты қанша жер телімі тегін үлестірілгені жөнінде бірыңғай республикалық статистика жоқ. Мұндай деректер жергілікті әкімдіктер деңгейінде қалыптасады.
Сондықтан 25 сотық жер әр азаматқа автоматты түрде беріледі деген түсінік дұрыс емес. Құқық заңмен бекітілгенімен, оны іске асыру нақты елді мекендегі бос жер қорына, жердің нысаналы мақсатына және оның аукционға шығарылатын жерлер тізіміне енгізілген-енгізілмегеніне байланысты.
Қазақстандықтар үшін негізгі мүмкіндік – суарылмайтын ауылдық жерден 25 сотыққа дейін, суармалы жерден 15 сотыққа дейін телімді жеке қосалқы шаруашылық жүргізу мақсатында тегін алу. Ал нақты жердің бар-жоғын және оны беру мүмкіндігін сол аумақтағы әкімдіктен анықтау қажет.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







