24 наурыздан бастап абоненттік ұялы байланыс құрылғыларын тіркеу ережелеріне енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Жаңа ережелер тек 24 наурыздан кейін елге әкелінген жаңа құрылғыларға қатысты болмақ. Қазақстан аумағында бұрыннан бар және Идентификациялық кодтар дерекқорына (ИКД) енгізілген телефондар автоматты түрде «ақ тізімге» енеді және ешқандай шектеусіз жұмысын жалғастырады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мәлімдеді, — деп хабарлайды ErtenMedia.
«Бұл жаңашылдықтар тіркеу жүйесін одан әрі жақсартып, алаяқтықпен күресуге, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және мобильді құрылғыларды пайдалану қауіпсіздігін арттыруға бағытталған», — деп түсіндірді министрлік өкілдері.
Бүгінде Қазақстанда шамамен 3,7 миллион қайталанған IMEI-коды бар құрылғылар тіркелген.
«Олардың заңсыз әкелінуі айтарлықтай экономикалық және әлеуметтік мәселе туындатады. Бұндай мобильді құрылғылар нарығы құрылғылардың заңды айналымын бақылауды қиындатып, телефон ұрлығының көбеюіне ықпал етеді және әділетсіз бәсекелестік туғызады», — деп жазылған хабарламада.
Негізгі жаңашылдық – мобильді құрылғыларды верификациялау процедурасы.
Жаңа ережелерге сәйкес тіркеу кезінде арнайы жүйе келесі параметрлерді тексереді:
- Құрылғының IMEI-кодының түпнұсқалығы
- IMEI-кодтың GSMA халықаралық базасында ұрланған, бұғатталған немесе жоғалған құрылғылар тізімінде болмауы
- Құрылғының Қазақстан аумағына заңды түрде әкелінгені
Қандай тізімдер пайда болады?
Верификация нәтижесінде мобильді құрылғылар үш санатқа бөлінеді:
- Ақ тізім – сәтті верификациядан өткен құрылғылар, олар ешқандай шектеусіз тіркеледі.
- Сұр тізім – уақытша рұқсат етілген құрылғылар. Олардың иелері 30 күн ішінде құрылғының заңды түрде әкелінгенін растауы тиіс.
- Қара тізім – заңсыз әкелінген, жалған немесе ұрланған құрылғылар. Олар бұғатталады.
Бұл қолданушыларға қалай әсер етеді?
- Қазақстанда бұраннан қолданыста бар телефондар ешқандай шектеусіз жұмыс істей береді. Қосымша әрекет қажет емес.
- Жаңа құрылғыларды сатып алушылар 2025 жылдың 24 наурызынан кейін құрылғы сатып алмас бұрын, IMEI-кодты imei.rfs.gov.kz сайтынан тексере алады. Қазіргі уақытта сайт жаңа ережелерге сәйкес жаңартылуда.
- «Сұр тізімдегі» құрылғы иелері құрылғыны 30 күн бойы қолдана алады. Осы уақыт ішінде операторлар SMS хабарлама арқылы құрылғыны верификациядан өткізу қажеттілігі туралы ескертеді. Хабарламада арнайы анкетаға сілтеме беріледі, оны толтыру қажет.
- Шетелден әкелінген құрылғы иелері шекарадан өткен күнді көрсетуі керек.
- Егер пайдаланушы 30 күн ішінде верификациядан өтпесе, кез келген уақытта хабарламадағы сілтеме арқылы анкетаны толтырып, растау процесін аяқтай алады.
Қашан күшіне енеді?
Жаңа ережелер ресми жарияланған күннен бастап 60 күн өткен соң, 2025 жылғы 24 наурызда күшіне енеді.
«Азаматтарға уайымдауға ешқандай негіз жоқ, ресми тіркелген құрылғылардың иелеріне қосымша әрекет жасап қажет емес», — деп түйіндеді министрлік өкілдері.