Қазақстанда рақымшылық 3 мыңға жуық әйелді қамтуы мүмкін. Олардың қатарында кәмелетке толмаған балалары бар аналар мен жүкті әйелдер бар, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ішкі істер министрлігі жаңа Конституцияның қабылдануына орай жарияланған рақымшылық туралы заңның қалай қолданылатынын түсіндірді.
Ведомствоның мәліметінше, бұл жолы сотталған әйелдердің құқықтық жағдайын жақсартуға ерекше назар аударылған. Заңның күші 2902 әйелге қолданылады.
Олардың 249-ы қазір бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатыр. Басым бөлігі пробациялық бақылауда тұр. Тағы бір бөлігіне қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерге қатысты бөлек жеңілдік қарастырылған. Түрмеде отырған 60 әйел рақымшылыққа ілігуі мүмкін. Оларға жазадан босату немесе жаза мерзімін қысқарту шарасы қолданылады.
Пробациялық бақылауда тұрған және бала тәрбиелеп отырған 71 әйел жазасын одан әрі өтеуден босатылуы мүмкін. Тергеу сатысында жүрген әрі кәмелетке толмаған балалары бар 54 әйел де заңда көзделген рақымшылық шараларын пайдалана алады.
Жалпы рақымшылық 15 мыңнан астам сотталған адамды қамтиды. Алдын ала есеп бойынша, шамамен 4,5 мың адам қылмыстық жауаптылықтан немесе жазадан босатылады. Тағы 10,8 мың адамның жаза мерзімі қысқарады немесе жазасы жеңілдетіледі.
Ішкі істер министрлігі рақымшылық автоматты түрде қолданылмайтынын ескертті. Әр сотталған адамның жағдайы жеке қаралады.
Заңның қолданылуы қылмыстың санатына, сотталған адамның мекемедегі мінез-құлқына, келтірілген залалды өтеуіне және басқа да мән-жайларға байланысты болады. Біреулер жазадан толық босатылуы мүмкін. Енді бірінің өтелмеген мерзімі қысқартылады.
Бұған дейін елде Конституцияның 30 жылдығына орай ауқымды рақымшылық жүргізілген еді. Ол шамамен 10 мың сотталған адамды қамтыды. Олардың 3,3 мыңы әйел болған.
Соңғы жылдары Қазақстанда заң бұзған әйелдерді қолдауға бағытталған жүйелі шаралар қабылданып келеді. 2025 жылдан бастап Қылмыстық кодекстің 74-бабына енгізілген өзгерістер күшіне енді.
Жаңа норма бойынша кәмелетке толмаған балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған әйелдерге жазаны өтеу мерзімі кейінге қалдырылуы мүмкін. Бұл мерзім 5 жылға дейін белгіленеді, бірақ бала 14 жасқа толған кезеңнен аспайды.
Бүгінде бұл норма 667 әйелге қолданылған. Олар бас бостандығынан айыру орындарына жіберілмей, отбасында қалып, балаларын тәрбиелеу мүмкіндігіне ие болды.
Осындай кепілдік кәмелетке толмаған баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ер адамдарға да қарастырылған.
Сонымен қатар Парламент қылмыстық, қылмыстық-процестік, қылмыстық-атқару заңнамасын және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексті Конституция талаптарына сәйкестендіру туралы заң қабылдады.
Құжат әйелдердің жазаны өтеу жағдайын жақсартуға бағытталған. Әйелдердің толық қауіпсіздік мекемелерінде жаза өтеуіне тыйым салынады. Отбасымен телефон арқылы сөйлесуге қойылған шектеулер алынады.
Кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерге тәртіптік жазаларды мерзімінен бұрын алып тастау мүмкіндігі беріледі. Жүкті сотталған әйелдер азаматтық перзентханаларда босана алады.
Әлеуметтік-тұрмыстық кепілдіктер де кеңейеді. Сәлемдеме мен кездесу саны артады. Серуендеу уақыты ұзартылады. Азық-түлік пен бірінші кезектегі қажетті тауарларға жұмсалатын қаражат көлемі көбейеді.
Ішкі істер министрлігі рақымшылық ауыр және аса қауіпті қылмыстарға қолданылмайтынын еске салды. Оның ішінде сыбайлас жемқорлық, терроризм, экстремизм, азаптау, адам өлтіру, адам саудасы, мемлекетке опасыздық және жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар бар. Кәмелетке толмағандарға, әйелдер мен балаларға қатысты аса қауіпті қылмыстар да рақымшылыққа кірмейді.
Ведомство әйелдерге қатысты ізгілік шараларының нақты мысалдарын келтірді.
Мәселен, 25 жастағы әйел ұрлық жасағаны үшін 5 жылға сотталған. Ол қазір Шығыс Қазақстан облысындағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Рақымшылық қолданылса, ол отбасына оралып, сәбиінің дүниеге келуіне дайындала алады.
Тағы бір мысал 35 жастағы әйелге қатысты. Ол жеңіл табыс табамын деп есірткі жасырушы болуға келіскен. Кейін 5 жылға бас бостандығынан айырылған. Үйінде оны күйеуі мен екі баласы күтіп отыр.
Әйел өз қателігі бүкіл отбасының тағдырына әсер еткенін мойындайды. Рақымшылық оның жаза мерзімін қысқартып, жақындарына ертерек оралуына мүмкіндік беруі мүмкін.
Министрлік рақымшылықтың басты мақсаты жазаны жоққа шығару емес, адамға қоғамға қайта бейімделуге мүмкіндік беру екенін атап өтті. Әсіресе кәмелетке толмаған балалары бар әйелдер үшін мұндай шешім тұтас отбасының тағдырына әсер етеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







