Президент Тоқаев Жаңа Конституцияның күшіне енуіне орай Қазақстан халқына үндеу жариялады деп жазады Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысы жаңа Ата заңның қабылдануы елдің саяси жүйесін түбегейлі жаңартатын, мемлекеттік институттар мен азаматтық қоғамды жаңа деңгейге шығаратын тарихи кезең екенін айтты.
«Баршаңызды еліміздің Жаңа Конституциясының күшіне енуі сияқты шын мәнінде тарихи оқиғамен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін егемен Қазақстан тарихындағы жаңа дәуір басталады. Біз тұрақты даму, саяси және экономикалық реформалар, ауқымды жаңғыру жолына қадам бастық», – деді Президент.
Тоқаевтың айтуынша, 15 наурызда өткен жалпыхалықтық референдумда қазақстандықтар елдің алдағы ондаған жылдағы даму бағытын айқындаған тарихи таңдау жасады.
Президент бұл шешім халықтың патриотизмі мен азаматтық жауапкершілігінің айқын көрінісі ретінде ел шежіресінде қалатынын атап өтті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Конституция күні енді «Наурызнама» онкүндігінің басталуымен тұспа-тұс келуінің символдық мәніне тоқталды.
Оның пікірінше, бұл мереке көктемгі жаңару дәстүрін Жаңа Конституцияның азаматтық бірлік, білімге ұмтылу және адал еңбек қағидаттарымен сабақтастырады.
«Бүкіл халық қолдаған Конституцияның берік құқықтық негізіне сүйене отырып, алдымыздағы барлық мақсатқа қол жеткіземіз. Қоғамда Заң мен тәртіп, Еңбекқорлық пен прогресс, Тазалық пен табиғатты құрметтеу құндылықтарын орнықтырамыз», – деді Президент.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық бірлік пен ортақ мақсаттың арқасында Қазақстанның әлемдегі дамыған мемлекеттердің қатарына қосылып, әділетті әрі мүмкіндігі тең қоғам құратынына сенім білдірді.
«Отанымыздың өркендеуіне бастайтын жоспарлардың толық жүзеге асатынына кәміл сенемін. Жасасын Қазақстан Республикасы! Жасасын халқымыз!» – деді Мемлекет басшысы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







