Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында сөз сөйлеп, жаңа консультативтік органның негізгі миссиясы мен нақты құзыретін белгілеп берді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Президент жаңа құрылымның елдің саяси жүйесіндегі орнын түсіндіре келе, оның Құрылтаймен арақатынасын ашық айтты. Тоқаевтың сөзінше, Халық Кеңесі парламенттік билікті қайталамайды әрі депутаттардың заң шығарушылық өкілеттігіне қол сұқпайды.
Халық Кеңесі – Құрылтайға балама мекеме емес. Кеңес мүшелері Құрылтайдың құзыретіне кіретін жұмыспен айналыспайды. Депутаттардың қызметіне араласпайды. Заң бойынша осындай әрекеттерге құқы жоқ. Тиісінше, Құрылтай депутаттарының да Халық Кеңесінің жұмысына араласуға хақы жоқ.
Екі институттың өзара үйлесімі
Мемлекет басшысы қос құрылымның бір-бірін толықтырып, қоян-қолтық жұмыс істеуі керектігіне назар аударды. Негізгі мақсат – қабылданатын заң жобаларында қоғам пікірі мен азаматтардың ұсыныстарын барынша қамту. Осыған байланысты Халық Кеңесі мен Құрылтай комитеттері тұрақты түрде өзара байланыста болуы тиіс.
Алдымызда тұрған мақсат та бір, Отанымыз да бір. Сондықтан бәріміз біртұтас ел болып бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып Қазақстан халқы үшін табанды қызмет етуіміз керек.
Жаңа органның тарихи мәні мен құрамы
Мемлекет басшысы жаңа құрылымға не себепті «Халық Кеңесі» атауы берілгенін де мәлімдеді. Конституция бойынша мемлекеттік биліктің қайнар көзі – халық. Сол себепті қоғамның үнін жеткізетін мәртебелі кеңестің атауында халық сөзінің болуы табиғи әрі заңды қадам саналады.
Кеңес бұған дейін өз миссиясын атқарған Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың тәжірибесін сабақтастыра отырып, жалпыұлттық диалогтың жаңа деңгейін қалыптастырады. 126 адамнан тұратын кеңес құрамына қоғам қайраткерлері, зиялы қауым, этномәдени және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері енген, ал оның төрағасы болып Ерлан Қошанов сайланды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







