Түркістан музыкалық драма театрында V маусым салтанатты түрде ашылды. Маусым шымылдығы Олимпиада чемпионы, қазақ спортының жұлдызы Бекзат Саттархановтың 45 жылдығына арналған «Бекзат» драмалық қойылымымен түрілді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Премьераға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Бекзаттың анасы Сырлыкүл Саттарханова, танымал жаттықтырушылар – Тұрсынғали Еділов, Мырзағали Айтжанов, Нұрлан Жұмабаев, Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов, күміс жүлдегер Мұхтархан Ділдәбеков және басқа да әйгілі спортшылар арнайы келді.
Қойылым алдында көрермендер Олимпиада чемпионының өмірі мен спорттағы жетістіктерінен сыр шертетін көрмені тамашалады. Онда боксшының жеке заттары, фотосуреттері мен марапаттары қойылған. Облыс басшысы Нұралхан Көшеров Сырлыкүл Саттарханованың иығына орамал жауып, құрмет көрсетті.
Қойылым шаршы алаңдағы жеңісті ғана емес, ананың алаң көңілін, әкенің үкілеген үмітін, жас жүректің алғашқы махаббатын, бапкерлер сенімін, жарыстағы бәсекені шебер бейнеледі. Көрермен қауым Бекзаттың спорттағы ғана емес, өмірдегі адами болмысын, нәзік сезімдері мен ел алдындағы жауапкершілігін терең сезінді.
Спектакльде басты рөлдерді Қадыржан Төреханов, Досымжан Арқабеков, Ақ-Сұлтан Әнуарбек, Шерхан Саматұлы, Темірлан Еркінғалиев, Мұзафар Ғалымжанұлы және өзге де театрдың талантты әртістері сомдады.
Қойылым соңында көрермендер қазақ спортының дара тұлғасы Бекзат Саттархановты ерекше ықыласпен еске алып, өнер ұжымының еңбегіне жоғары баға берді.
Қойылым идеясының авторы – Асылхан Төлепов, жоба жетекшісі – Айгерім Бозщина. Пьесаның авторы – Қуат Ежембек, қоюшы режиссері – Карло Шакалуга. Айта кетейік, «Бекзат» спектаклінің премьерасы 9-12 қазан күндері сағат 19:00-де өтеді. Премьера соңында облыс әкімі Нұралхан Көшеров театр ұжымына ықылас гүлін сыйлады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







