Financial Times Нұрсұлтан Назарбаевтың ағылшын тілінде жарық көрген жаңа мемуарына рецензия жариялады. Желі қолданушысы Алма Төлебаеваның назарын кітап мазмұнынан бөлек, оған алғысөз жазған британдық саясаткер әрі англикан дін қызметкері Джонатан Эйткеннің өмірбаяны аударды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
«From Dependency to Freedom» атты кітап 2026 жылғы 25 маусымда Ұлыбританияда сатылымға шыққан. Басылымда алғысөз авторы ретінде «The Reverend Jonathan Aitken», яғни дін қызметкері Джонатан Эйткен көрсетілген. Алма Төлебаеваның айтуынша, дәл осы есімнің таңдалуы кітаптың айналасындағы саяси және моральдық контексті тереңдете түседі.
Эйткен журналистикадан саясатқа келіп, 1974-1997 жылдары Ұлыбритания парламентінің депутаты болды. Джон Мейджор үкіметінде 1992-1994 жылдары қорғаныс саласындағы мемлекеттік сатып алуға жауапты министр, кейін Қазынашылықтың бас хатшысы қызметін атқарды. Оның ресми өмірбаянында саяси мансабы 23 жылға созылғаны жазылған.
1995 жылы The Guardian Эйткеннің мемлекеттік қызметтегі әрекеттеріне қатысты зерттеу жариялады. Ол газетті жала жапты деп сотқа бергенімен, іс барысында өзінің жалған куәлік бергені анықталып, кейін кінәсін мойындады. 1999 жылы сот Эйткенді жалған куәлік және сот төрелігіне кедергі жасау айыбымен 18 айға соттап, ол жеті айға жуық мерзімін түрмеде өтеді.
2000 жылы Эйткен өзін дін қызметкері болуға лайық санамайтынын айтып, «священник жағасының беделін түсіргісі келмейтінін» мәлімдеген. Алайда 2018 жылы Англикан шіркеуінің диаконы, араға бір жыл салып діни қызметкер болып тағайындалды. Қазір ол Вестминстердегі Әулие Матфей шіркеуінде қызмет етіп, Пентонвилл түрмесінде капеллан міндетін атқарады.
Мадақ көп, оқырман жоқ
Эйткеннің Назарбаевпен байланысы жаңа кітаптан басталған жоқ. Ол 2009 жылы «Nazarbayev and the Making of Kazakhstan» атты өмірбаян жазып, Қазақстанның сол кездегі президентін батыс қоғамы әділетсіз бағалап жүр деп қорғаған. Reuters-ке берген сұхбатында автор кітапты әзірлеу кезінде Назарбаевпен 28 сағатқа жуық сөйлескенін айтқан.
Алайда кітап британдық баспасөзде өткір сынға ұшырады. The Guardian туындыны саяси қайшылықты бүркемелеп, кейіпкерін шектен тыс дәріптеген агиография деп бағаласа, өзге шолушылар мадақтың мазмұны қарабайыр жағымпаздыққа дейін жеткенін жазды. Кейінгі мәлімет бойынша, кітап дүкендер мен интернет арқылы небәрі 466 дана сатылған.
2021 жылы Pandora Papers құжаттары Эйткенге аталған кітап жобасы үшін Қазақстан билігімен байланысы болған ұйымдар арқылы 166 мың фунт төленуі мүмкін екенін көрсетті. Эйткен 2009 жылы Reuters агенттігіне Қазақстан үкіметінен қаламақы алмағанын мәлімдеген еді. Алайда жарияланған құжаттардың бірінде оның компаниясына аударылған 33 333 фунт «кітап жобасы үшін келісілген соңғы төлем» ретінде белгіленген.
2017 жылы Қазақстан тарапы Эйткенді Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған медальмен марапаттады. Ресми түсіндірмеде оның Қазақстанды әлемге танытуға және елдің халықаралық беделін ілгерілетуге қосқан үлесі атап өтілген. Алма Төлебаеваның ойынша, мұндай марапат пен бұрынғы өмірбаян жаңа кітапқа алғысөз жазған адамның кездейсоқ таңдалмағанын аңғартады.
Төлебаева Назарбаевтың жаңа мемуарына алғысөзді бұрын оны дәріптеген және сол еңбегіне қатысты қаржылық сауал туындаған автордың жазуын символдық көрініс деп бағалайды. Оның пікірінше, кітаптың шынайылығын талқылағанда мәтіннің мазмұнымен қатар, оны халықаралық аудиторияға кім ұсынып отырғанына да назар аудару қажет. Желідегі жазбада айтылған өткір қорытындылар автордың жеке көзқарасын білдіреді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







