Ақордадағы кездесу алты айлық есеппен шектелмеді. Олжас Бектенов экономиканың беталысын баяндаса, Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке ел көлемінде әлеуметтік нысандар салудың ауқымды бағдарламасын бастауды тапсырды. Негізгі екпін заманауи аурухана мен өзге де денсаулық сақтау мекемелеріне түседі, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Премьер-министр Президентке 2026 жылдың алғашқы жартысындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын таныстырды. Үкімет есебіне сәйкес, алты айда Қазақстан экономикасы 4,1 пайызға өскен.
Экономиканы алға сүйреген салалардың басында құрылыс тұр. Мұндағы өсім 15,2 пайызға жеткен. Өңдеу өнеркәсібі 9,8 пайыз, көлік саласы 7,1 пайыз өсім көрсетті.
Негізгі капиталға салынған инвестиция 9,5 трлн теңгеге жетіп, жеке инвестиция көлемі 20 пайыздан астам ұлғайды. Жыл соңына дейін өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 1,7 трлн теңге болатын 200 жоба іске қосылмақ. Соның арқасында 17 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Алдағы жоспарда ірі жол жобалары мен Астанада екінші әуежай салу көзделген. Жыл ішінде пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемін 20 млн шаршы метрге жеткізу жоспарланып отыр. Маусым қорытындысында жылдық инфляция 10,3 пайыз деңгейінде қалыптасқан.
Үкімет еңбекпен қамту ісін ынталандырып, әлеуметтік төлем жүйесін қайта қарауға кіріспек. Тиімсіз шығынды оңтайландыру арқылы жыл сайын бюджеттен 800 млрд теңгеден астам қаржы үнемдеу межеленген.
Жылу маусымына дайындық та Ақорда назарынан тыс қалған жоқ. Бес жылу электр орталығы сыни «қызыл» аймақтан шығарылып, тағы үш нысан «жасыл» аймаққа өткен. Энергия блоктарын, қазандық пен жылу желілерін жаңғыртуға 384 млрд теңге бөлінді.
Олжас Бектенов ұлттық жасанды интеллект инфрақұрылымын қалыптастыратын «Деректер орталықтары алқабы» жобасы туралы да баяндады. Жобаға 10 млрд доллардан астам шетел инвестициясын тарту жоспарланған.
Алматы тау кластерін дамыту жалғасады. Күніне 10 мың адам қабылдайтын Almaty SuperSki жобасын 2028 жылдың желтоқсанына дейін іске қосу көзделіп отыр.
Кездесу қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандар құрылысының ауқымды бағдарламасын қолға алуды тапсырды. Президент әсіресе заманауи денсаулық сақтау мекемелерін салуға басымдық беруді талап етті.
Мемлекет басшысы Үкіметке заңнаманы жаңартылған Конституция талаптарына сәйкестендіру жұмысын да жүйелі түрде жалғастыруды міндеттеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







