Ұлттық банк басқармасының 2026 жылғы 29 сәуірдегі қаулысымен цифрлық теңгені шығару, айналымға енгізу және өтеу қағидалары бекітілді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа құжат цифрлық теңгенің құқықтық және техникалық айналымын реттейтін негізгі тәртіпті айқындайды. Қағидада Ұлттық банктің цифрлық теңгені шығару және өтеу шарттары, цифрлық шот ашу мен жабу тәртібі, цифрлық теңге платформасына қойылатын талаптар және осы инфрақұрылымға қатысатын ұйымдардың міндеті нақтыланған.
Ереже бойынша цифрлық шот иелері, платформа қатысушылары және цифрлық теңге платформасының өзі нақты талаптарға бағынады. Цифрлық шотқа қол жеткізу, оны уақытша тоқтату, қайта іске қосу немесе қолжетімділікті толық тоқтату тәртібі де осы құжат аясында реттеледі. Сонымен қатар цифрлық шотқа қызмет көрсететін платформа қатысушысы өз жұмысын тоқтатқан жағдайда қандай рәсім қолданылатыны көрсетілген.
Қағида цифрлық теңгені сақтау мен пайдалану тетігін де қамтиды. Сыртқы электронды тасымалдаушыны цифрлық теңгені есепке алу, сақтау және оған билік ету құралы ретінде қолдану шарттары бекітілген. Яғни цифрлық теңге тек шоттағы жазба ретінде ғана қаралмай, арнайы техникалық құрал арқылы басқарылатын төлем активі ретінде де жұмыс істей алады.
Құжатта цифрлық теңгемен жасалатын операция түрлері және оларды жүргізу тәртібі белгіленген. Сонымен бірге таңбаланған цифрлық теңгені пайдалану, смарт-келісімшарт қолдану, олардың жұмыс істеу ерекшелігі және нақты төлем сценарийлеріндегі рөлі жазылған. Мұндай тетік бюджет қаражатын, мақсатты төлемді немесе белгілі бір шартқа байланған транзакцияны бақылауға мүмкіндік беруі ықтимал.
Ақша мен алгоритм
Ұлттық банк цифрлық теңге платформасының үздіксіз жұмыс істеуі мен тәуекелді басқару тәртібін де бекітті. Ақпараттық қауіпсіздікке қойылатын талап бөлек көрсетілген. Цифрлық теңге инфрақұрылымы төлем жүйесінің бір бөлігі болғандықтан, киберқауіпсіздік, дерек қорғанысы және операция тұрақтылығы негізгі өлшемнің бірі саналады.
Қағидада цифрлық шот ашуға арналған өтінім нысаны, цифрлық шот шартының мазмұнына қойылатын талап және шот иесіне ашылған сәтте берілетін жеке сәйкестендіру кодының форматы да қамтылған. Сонымен қатар цифрлық шот иелерінің операциясына қызмет көрсеткені үшін платформа қатысушылары алатын комиссия түрі мен шекті мөлшері белгіленеді.
Цифрлық теңгені шотқа енгізу және шоттан шығару тәртібі де нақты жазылған. Мұндай операция цифрлық шотқа қызмет көрсететін платформа қатысушысы арқылы жүргізіледі. Қызмет көрсететін ұйымды ауыстыру тәртібі мен өтініштің үлгілік формасы да қағидаға енгізілген.
Цифрлық теңге Қазақстанның төлем жүйесін жаңа технологиялық кезеңге шығаратын құрал ретінде қарастырылып отыр. Ол қолма-қол және қолма-қолсыз ақшаны алмастыруға емес, ұлттық валютаның цифрлық форматын қалыптастыруға бағытталған. Ендігі негізгі мәселе – жаңа инфрақұрылымның қауіпсіз, түсінікті және азаматтар мен бизнес үшін ыңғайлы жұмыс істеуі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







