«Қазақмыс» Ұлытау облысында геологиялық барлау жұмыстарын күшейтіп, бұрғылау көлемін ұлғайтып жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Компания үшін минералдық-шикізат қорын кеңейту негізгі стратегиялық бағыттардың бірі саналады. Қазір геологиялық барлау жұмыстарының басым бөлігі Ұлытау облысында жүргізілуде. Бұл өңір Қазақстанның мыс өнеркәсібіндегі тарихи орталықтардың бірі.
2026 жылы «Қазақмыс» Жезқазған өңіріндегі геологиялық барлауға бөлінетін қаржыны айтарлықтай арттырды. Бұған дейін бұл мақсатқа жылына шамамен 5 млн АҚШ доллары бағытталса, қазір инвестиция көлемі 40 млн долларға дейін жеткізілген.
Қаражат Жезқазған кен алабының терең қабаттарын зерттеуге, жаңа перспективалы учаскелерді іздеуге және өңірдің минералдық-шикізат қорын ұлғайтуға жұмсалады.
Компания бұрғылау көлемін де арттырып отыр. Бұрын пайдалану мақсатындағы бұрғылау көлемі жылына шамамен 63 мың қума метр болған. Ал 2026 жылы тек Жезқазған бағыты бойынша 62,4 мың қума метр геологиялық барлау бұрғылауы жоспарланған.
Жезқазған «Қазақмыс» геологиялық барлау бағдарламасындағы үш өңірлік бағыттың бірі саналады. Осыған байланысты жалпы барлау ауқымы шамамен екі есеге ұлғайған.
Бағдарламаны іске асыру үшін Ұлытау облысында алты заманауи жерүсті бұрғылау қондырғысы іске қосылды. Сонымен қатар жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын үш жерасты бұрғылау агрегаты мен қосалқы техника сатып алынуда.
Жерүсті бұрғылауына арналған екі қондырғы күрделі жөндеуден өтті. Бұрғылау бригадаларының жұмыс жағдайын жақсарту және инфрақұрылымды жаңарту шаралары да жалғасып жатыр.
2025 жылғы геофизикалық зерттеу нәтижесінде үш перспективалы учаскеде бұрғылау басталды. Қосымша жұмыстар Оңтүстік Итауыз, Соркұдық–Жартас учаскелерінде және Жыланды кен орындары тобында жүргізіледі.
Терең қабаттардағы зерттеулер Жезқазған кен орнының геологиялық құрылымы туралы жаңа дерек алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тереңде жатқан кен денелерінің әлеуеті бағаланады.
Кен орындарының терең қабаты мен қапталдарын зерттеу жобаларына салынған инвестиция көлемі техника сатып алуды есептемегенде 2,27 млрд теңгені құрайды.
Мамыр айынан бастап қосымша бұрғылау күші жұмылдырылған. Шілде айына қарай өндірістік алаңдарда онға жуық бұрғылау қондырғысын пайдалану жоспарланып отыр.
Жүйелі барлау нәтижесінде 63,5 млн тонна кенді құрайтын резервтік кен орындарының портфелі қалыптастырылды. Оның құрамында 620,3 мың тонна мыс және 12,9 тонна алтын бар. Қордың елеулі бөлігі мемлекеттік балансқа енгізілген.
Компания геологиялық барлауда цифрлық технологияларды да енгізіп жатыр. Геологиялық бөлімшелерде Micromine жүйесі қолданылуда. Бұл жүйе кен орындарының үшөлшемді моделін құруға және геологиялық деректерді нақтырақ талдауға мүмкіндік береді.
Бағдарлама бойынша 177 маман оқытылды. Алдағы уақытта жүйені пайдаланушылар санын 401 қызметкерге дейін арттыру жоспарланған.
«Қазақмыс» өкілдерінің айтуынша, Ұлытау облысындағы геологиялық барлау өңірдің ұзақ мерзімді дамуына салынған инвестиция саналады. Жаңа қорлар өндірістік қуаттарды тұрақты жүктемемен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар Жезқазған өңіріндегі тау-кен металлургия кешенінің әрі қарай дамуына негіз қалайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







