Дикий Арман лақапатымен танымал Арман Жұмагелдиевтің қылмыстық тобы жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғаны және азаматтарды ұрлағаны үшін сотталды, — деп хабарлайды ErtenMedia.
27 қаңтарда Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қаңтар оқиғасына қатысты іс бойынша сот шешімі шықты.
Осылайша Арман Жұмагелдиевтің қылмыстық тобының басшылары мен қарулы тобының мүшелері, ҰҚК-ның 5-департаментінің экс-басшысы Руслан Ысқақовқа, Алматы қаласы Мәслихатының экс-депутаты Қайрат Құдайбергенге және басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық іс аяқталды.
Алматы сотында Арман Жұмагелдиевке қатысты тың деректер айтылды. Оның ҰҚК-мен қалай байланыс орнатқаны да белгілі болды.
Сот мәліметінше, 2016 жылы Ысқақов ҰҚК-ның 5-департаменті басшысының орынбасары болып жүрген кезінде ұлттық қауіпсіздік органдарының қолдауына кепілдік беретінін айтып, Жұмагелдиевті серіктес болуға көндірген.
ҰҚК органдарының қолдауына ие болған Жұмагелдиев Қазақстан мен шетелдердегі қылмыстық ықпалын кеңейту мақсатында қылмыстық ұйым құруға кіріскен. Бұл мақсатта ол бұрыннан таныс, психологиялық тұрғыдан тұрақты, қылмыстық қудалаудан қорықпайтын және жақсы физикалық дайындығы бар адамдарды тартқаны айтылды.
Мәліметке сүйенсек, Жұмагелдиевтің қылмыстық ұйымының мүшелері топтарға бөлініп, тікелей оған бағынған.
Ысқақов басқарған ҰҚК бөлімшесі Жұмагелдиевтің қылмыстық ұйымымен бәсекелес қылмыстық топтарды жойғаны анықталған. Сонымен қатар, Ысқақов Жұмагелдиевтің қылмыстық тобының заңсыз әрекеттерін тоқтатуға ешқандай шара қолданбаған.
Сот ақпаратынша, 2017 жылы желтоқсаннан бастап Жұмагелдиев қылмыстық ұйымының қызметін Түркия Республикасында тұрып, қашықтан басқарған. Ол Қазақстан, Түркия және БАӘ-де ұйымның құрылымдық бөлімшелерінің басшыларымен және мүшелерімен кездесу өткізіп тұрған. Қылмыстық ұйымның ықпал аясын кеңейту және қаржылық түсімдерді қамтамасыз ету мақсатында жүйелі түрде құрбандарды іздеген.
«2021 жылғы маусымның басында топ мүшелері Түркістан облысының тұрғынының олардың таныстарына 25 миллион теңге қарызы барын біледі. Жұмагелдиевтің бағыныштылары зардап шеккен адамды ұрып-соғып, оны Шымкенттегі қонақүйдің алтыншы қабатынан лақтырып жібереміз деп қорқытып, 23 миллион теңгені қайтаруға мәжбүр еткен, оның 12 миллионы сотталушылардың пайдасына алынған», — деп жазылған хабарламада.
Сот мәліметінше, 2022 жылдың басында Ысқақов, Жұмагелдиев және экс-депутат Құдайберген билікті күшпен басып алу мақсатында жаппай тәртіпсіздіктердің негізгі ұйымдастырушылары болған.
Жұмагелдиев 2021 жылы желтоқсанда Қазақстанға алдын ала келгені анықталған.
«2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде Құдайберген «Қазақстан» қонақүйінде штаб құрып, оған Жұмагелдиевтің тобын шақырды. Осылайша көрсетілген адамдар қарулы топтың және оларға қосылған басқа адамдардың әрекеттерін басқарған», — деп жазылған сот хабарламасында.
Сот 2022 жылы 5 қаңтарда Жұмагелдиевтің тобы мен оның жақтастары Алматы қаласындағы Республика алаңына екі рет шыққанын анықтаған.
«Олардың мақсаты жаппай тәртіпсіздіктерге қатысушыларды біріктіру және билікке талап қою үшін «Халық кеңесі» түрінде конституциялық емес орган құру болған. Кейін Жұмагелдиев тәртіпсіздіктерге қатысушылар санын көбейту туралы шешім қабылдаған. Осы мақсатта ол өзінің Шымкент қаласындағы қылмыстық топ мүшелерін Алматыға шақырған», — деп жазылған хабарламада.
Ал Қайрат Құдайбергеннің заңсыз түрде спортшылар мен басқа адамдарды «Қазақстан» қонақүйінің маңында жинағаны анықталған.
«Ол бұл әрекетті бизнес нысандарын қорғауға көмек көрсету деген сылтаумен жасаған, алайда шын мәнінде Жұмагелдиевтің қылмыстық тобына қосылуды көздеген», — деп жазылған хабарламада.
Мәлімет бойынша 2022 жылы 6 қаңтарға қараған түні ҰҚК басшылығы ұсталғаннан кейін Ысқақов тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру жоспары сәтсіз болатынын түсініп, қылмыстың іздерін жасыруға шешім қабылдаған. Бұл мақсатта ол Алматы қаласындағы жағдайды тұрақтандыру сылтауымен Жұмагелдиевке адамдарды ұрлап, оларды «Қазақстан» және The Ritz Carlton Almaty қонақүйлерінде ұстауды тапсырған.
«2022 жылғы 6-7 қаңтар аралығында Жұмагелдиев тобының мүшелері бейбіт тұрғындарды заңсыз ұстап, оларды аяусыз ұрып-соғып, мүліктерін тартып алып, қорлаған. Сонымен қатар, кейбір адамдарды бейнежазбаға түсіріп, оларды ұрлық және «ҚДТ» («ДВК») экстремистік әрекеттеріне қатысқанын мойындауға мәжбүрлеген. Мысалы The Ritz Carlton Almaty қонақүйінің маңында Жұмагелдиевтің қылмыстық тобының 15 шақты мүшесі оның бұйрығын орындап, өтіп бара жатқан көлікті тоқтатып, ішіндегі 5 азаматты түсіріп алған. Шабылдаушылар жолаушылардың бірінің басын балғамен ұрып, есінен тандырған. Осыдан кейін жәбірленушілерді еркінен тыс қонақүйдің жер асты тұрағына мәжбүрлеп кіргізіп, олардан ақшалары мен жеке заттарын тартып алған. Кейін жәбірленушілерді іш киіміне дейін шешіндіріп, ұрып соққан», — деп жазылған хабарламада.
Сот мәліметінше, Жұмагелдиевтің тобы ұсталғандарды жаппай тәртіпсіздіктерге және бөтеннің мүлкін ұрлауға қатысқанын мойындауға мәжбүрлеген.
Сот ақпаратына сүйенсек, Жұмагелдиевтің тобы 34 жәбірленушіні ұрлап, ұрып-соққан. Кейін ұсталған 24 адам заңсыз түрде бір ЖШС-нің қоймаларына қамалған.
«Алматы қаласында тәртіпті қалпына келтіру және сенімді алиби жасау сылтауымен Жұмагелдиевтің топтастары мен жақтаушыларын пайдаланып, Алматы қаласының ТЖД-нің өрт сөндіру көлігін қайтаруын және №12 қалалық аурухананы қорғау жұмыстарын ұйымдастырып, Алматы тұрғындарына азық-түлік таратуға бастамашы болған. Дәлелденген мәліметтер мойынша Жұмагелдиев тәртіпсіздікке қатысушылармен күресті тек көзбояушылық үшін ұйымдастырған және өзі ұйымдастырған қылмыстардың ізін жасыруға бағытталған», — деп жазылған хабарламада.
Сот барысында куәгерлердің айғақтары, сотта зерттелген мәліметтер, сараптамалар және бейнежазбалар Жұмагелдиев пен оның тобының қылмыстық әрекеттерін дәлелдеген. Осылайша сот мынадай шешім шығарды:
- Сот үкімімен Арман Жұмагелдиев ҚР ҚК-нің 262-бабы 1-бөлігі, 268-бабы 1-бөлігі, 272-бабы 1-бөлігі, 272-бабы 2-бөлігі, 28-бабы 3-бөлігі, 125-бабы 3-бөлігі, 1-тармағы, 126-бабы 3-бөлігі, 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
- Ысқақов ҚР ҚК-нің 262-бабы 3-бөлігі, 272-бабы 1-бөлігі, 362-бабы 4-бөлігі, 3-тармағы, 28-бабы 3-бөлігі, 125-бабы 3-бөлігі, 1-тармағы, 28-бабы 3-бөлігі, 126-бабы 3-бөлігі 1-тармағы, 268-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 15,6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
- Қайрат Құдайберген ҚР ҚК-нің 272-бабы 1,2-бөліктері, 126-бабы 2-бөлігі, 1 және 7-тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, оған 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
- Жаппай тәртіпсіздіктің басқа қатысушыларына, яғни Жұмагелдиевтің қылмыстық тобының мүшелеріне (барлығы 13 адам) 10 жылдан 15,5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
- Қылмыстық топтың құрамына кірмейтін, жаппай тәртіпсіздіктің басқа қатысушыларына 1,5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Кейбір сотталғандарды мемлекеттік наградалардан айыру туралы ұсыныс енгізіледі.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.