Ақтаудағы ұшақ апатынан қаза тапқан 13 жастағы жасөспірім Грозныйға Жаңа жылға орай ұшып бара жатқан, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
media.az басылымы мәліметінше, Ақтау маңындағы ұшақ апатынан қаза тапқандардың бірі — 13 жастағы Мухаммедали Фаридоглы Еганов. Бұл туралы оның сыныптастары жазған. Ол Бакудің Хатаин ауданында тұрған, № 27 орта мектепте оқыған.
Баланың анасы Грозныйда тұрады. Марқұм Жаңа жылды анасымен бірге қарсы алу үшін ұшып бара жатқан. Ұшақта жасөспіріммен бірге туыстарының ешқайсы болмаған.
Айта кетейік, 25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 11.30-да Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл — Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы. Алдын ала ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған. Жолаушылар рейсі қатты тұманға байланысты Грозныйға қона алмаған, алдымен Махачкалаға, содан кейін Ақтауға бағытталған.
Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің кейінгі мәліметі бойынша аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі — бала, олар ауруханаға жеткізілді.
Апаттан 6 қазақстандық көз жұмды.