Алматы қаласында бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан азаматтарды әлеуметтік бейімдеу мәселелері талқыланды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қалалық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен өткен дөңгелек үстел «Social project management» орталығының ұйымдастыруымен өтті. Шара Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы халыққа Жолдауындағы «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыруға бағытталған.
Дөңгелек үстел жұмысына Алматы қаласы Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мамандары, пробация қызметі өкілдері, жұмыс берушілер, заңгерлер, психологтар мен жастар қатысты.
Шараны ашқан жоба жетекшісі Бейбіт Молдахметұлы үш жылдық жоба аясында атқарылған істер туралы баяндап, 40-тан астам адамға құқықтық көмек берілгенін айтты. Сондай-ақ түрмелерде психологиялық тренингтер өткізіліп, 120 адам қатысқанын атап өтті.

«Сотталған азаматтар түрмеден шыққаннан кейін қайта қылмыс жасап, бұрынғы өміріне қайта оралудан қорқады. Мұның басты себебі – олардың бойында ішкі тұрақтылықтың жоқтығы. Біздің міндетіміз – сол ішкі тұрақтылықты қалыптастыруға көмектесу», – деді психолог Гүлбанум Мурадуллаева.
Алматы қаласы Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті пробация қызметінің басшысы, әділет майоры Мирлан Ақсақалов бұл жобаның келесі жылы жалғасуына тілек білдірді. «Қоғамдағы заң мен тәртіпті қамтамасыз ету үшін осы бағыттағы жұмыстарды күшейту керек», – деді ол.
Құқықтанушы Қалбуби Жанботаева сотталғандардың құқықтық мәселелерін шешу оңай емес екенін айтты. «Кейбір сот процестері ұзаққа созылады, сот шешімдері уақытылы берілмейді. Бұдан бөлек, пробация қызметкерлерінің жалақысын көтеру керек», – деді ол.
Жұмыс беруші ретінде сөз сөйлеген «Казмонтаж» ЖШС бас инженері Ұлан Мекебаев түрмеден шыққан азаматтарды жұмысқа тарту қиындықтарына тоқталды. «Жұмыс ұсынған кезде азаматтарымыздың көбі айлықты азсынып, жұмысты ауырсынды», – деді ол.
Құқықтанушы Бақыт Ақышев жобаның маңызын атап, пробация қызметінің ашылуы полиция қызметкерлерінің жүктемесін жеңілдеткенін айтты. «Түрмеден шыққандарды бейімдеу – күрделі процесс. Бұл бағытта жұмыс берушілермен жүйелі жұмыстар жалғасуы қажет», – деп қорытындылады ол.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







