Қазақстанда зейнетақы төлемі тағайындалғаннан кейін зейнеткер куәлігін қашан алуға болатыны түсіндірілді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Азаматтарға тиісті мәліметті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы берген.
Түсіндіруге зейнет жасына шыққан тұрғынның сауалы түрткі болған. Ол зейнетақысын рәсімдеп, алғашқы төлемін алып үлгергенімен, зейнеткер куәлігін нақты қай кезде барып алуға болатынын білмеген.
Мемлекеттік корпорацияның мәліметінше, куәлік өтініш тапсырған бойда берілмейді. Құжат зейнетақы тағайындау рәсімі толық аяқталғаннан кейін ғана дайын болады.
Негізгі белгі зейнетақы төлемі тағайындалғаны туралы SMS-хабарлама. Дәл сол хабарлама келгеннен кейін азамат бұрын өтініш тапсырған Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, зейнеткер куәлігін ала алады.
Құжат басқа жерден емес, дәл сол өтініш берілген ХҚКО-да табысталады. Куәлік дайын құжаттарды беру секторында стандарт тәртіппен беріледі. Қайтадан өтініш жазудың қажеті жоқ.
Яғни зейнеткер куәлігін алу уақыты төлемнің тағайындалуымен тікелей байланысты. SMS келген соң қосымша шақырту күтудің де қажеті жоқ. Азамат бірден өз құжатын алуға жүгіне алады.
Айтқандай, қазақстандықтар алдағы уақытта зейнетақы қорындағы қаражатын түгелдей жеке компанияларға сеніп тапсыра алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







