Демеу Жадыраев грек-рим күресінен Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
77 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Демеу финалда жапондық Нао Куссакиге есе жіберді. Араға жиырма жыл салып, грек-рим күресінен Олимпиаданың финалында белдескен Демеу Жадыраев отандық спорт тарихына есімін алтын әріптермен жазды.
Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин грек-рим күресінен Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері атанған Демеу Жадыраевты құттықтады.
«Демеу Жадыраевты Олимпиададағы күміс медалімен шын жүректен құттықтаймын!
Бүгін барша халық Сізбен мақтанып, қуанышыңызға ортақтасып жатыр. Төзім, күш, рух және тынымсыз еңбектің қайтарымы деп дәл осы жүлдені айтсаңыз болады. Сіздің шеберлігіңіз бен жанкештілігіңіздің арқасында Қазақстанның көк байрағы Олимпиада төрінде желбіреді.
Сондай-ақ, сіздің жеке бапкерлеріңіз Жұмақан Тұрғамбеков пен Боранбек Қоңыратовқа осы жеңіске үлкен үлес қосқаны үшін алғыс білдіріп, Олимпиада жүлдесімен құттықтаймын!
Барлық қазақстандық жанкүйерлерге керемет көңіл-күй сыйлағаныңыз үшін рахмет! Алға, Қазақстан!», — делінген құттықтау жеделхатында.