«Ақ жол» демократиялық партиясының Астанадағы сайлауалды штабы «Астана-Теплотранзит» кәсіпорнының 140-тан астам қызметкерімен кездесті. Жиында әлеуметтік төлемдерді есептеу, МӘМС жүйесін өзгерту және жас отбасыларды баспанамен қамтуға қатысты партияның бірқатар ұсынысы таныстырылды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Партия өкілдері ең төменгі жалақы, зейнетақы мен жәрдемақыны ресми айлық есептік көрсеткішке ғана байламай, нақты тұтыну себеті мен шынайы күнкөріс деңгейіне қарай есептеуді ұсынды.
Штаб мүшелері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты да өз көзқарасын жеткізді. «Ақ жолдың» ұсынысы бойынша әр азаматқа дербес шот ашылып, медициналық қызмет ақысы салымшының келісімімен төленуі тиіс.
Кездесуде тұрғын үй мәселесі де көтерілді. Партия жас отбасыларға арналған ипотека мөлшерлемесін бала санына қарай субсидиялауды, ал төрт баласы бар отбасылардың ипотекалық қарызын толық өтеу тетігін қарастыруды ұсынды.
Штаб өкілдері аталған бастамаларды халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған сайлауалды ұсыныстар ретінде таныстырды.
Кездесу соңында партия мүшелері кәсіпорын қызметкерлерін 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына қатысып, өз таңдауын жасауға шақырды. «Өзгерістер «Ақ жолдан» басталады!» ұраны да штабтың сайлауалды үндеуінің бір бөлігі ретінде айтылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







