Қазақстан мен Чехия құқық қорғау органдары азаматтардың жеке деректерін заңсыз таратқан халықаралық арнаны әшкереледі, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, күдіктілер Қазақстан және ТМД елдері азаматтарының персоналдық деректерін жабық интернет-ресурс арқылы сатқан. Клиенттер ақпаратқа ақша төлеп қол жеткізген.
Құқық қорғаушылар арнайы операция барысында қылмыстық схеманы ұйымдастырды деген күдікке ілінген адамдарды ұстады. Тінту жұмыстары Чехияда, Астанада, Алматыда және Қарағандыда бір уақытта жүргізілген.
ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбайдың айтуынша, ұзақ жедел әзірлік пен үйлестірілген іс-қимыл халықаралық деңгейде жұмыс істеген топтың әрекетін тоқтатуға мүмкіндік берді.
Тінту кезінде цифрлық тасымалдағыштар, қылмыстық әрекетке қатысы болуы мүмкін деректер және қолма-қол ақша тәркіленді.
Тергеу дерегінше, топ ішінде нақты бөлінген жүйе болған. Бір адамдар интернет-ресурстың жұмысын үйлестірген. Енді бірі деректерді «пробив» жасауға арналған тапсырыстарды қабылдап, өңдеген.
Заңсыз қызмет үшін арнайы баға тізімі де болған. Клиенттер бір реттік сұрау жібере алған. Сонымен қатар деректер базасына тұрақты қол жеткізу үшін ақылы жазылым ұсынылған.
Құқық қорғаушылардың мәліметінше, есеп айырысу үшін дроп-аккаунттар пайдаланылған. Сол шоттар арқылы заңсыз алынған қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Жандос Сүйінбайдың айтуынша, болжамды ұйымдастырушылар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасып жатыр.
Ішкі істер министрлігі персоналдық деректерді заңсыз тарату арналарына қарсы жұмыс жалғасатынын мәлімдеді. Ведомство киберқылмыспен күрес және азаматтардың жеке ақпаратын қорғау бағытындағы кешенді шаралар күшейтілетінін атап өтті.
Мамандар мұндай қылмыстық схемалар азаматтардың банк шоттарына, жеке құжаттарына, байланыс деректеріне және онлайн қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретінін ескертеді. Сондықтан жеке мәліметтерді күмәнді сайттар мен бейтаныс сервистерге енгізбеу маңызды.
Ұсталған адамдардың кінәсі сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін ғана дәлелденген болып саналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







