Жуырда Алматы қаласы әкімдігі Н.Сац атындағы театрды реконструкциялау барысында қолданыстағы ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңа ғимарат салынатынын мәлімдеді. Желіде осы ақпаратқа қатысты сын пікір пайда болды, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Мән-жайы
Жуырда Алматыда Н.Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының ғимаратын реконструкциялау жұмыстары басталады. Қала әкімдігі мәліметінше, реконструкциялау жобасы мемлекеттік сараптамадан өткен, құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер ұйымды анықтау үшін байқау да жарияланған.
Жобаны жүзеге асыруға 21,7 млрд теңге бөлінген.
Жұмыстардың барлығы 14,6 мың шаршы метр болатын қолданыстағы ғимаратты реконструкциялау жұмыстары аясында жүргізілмек. Сонымен қатар, ескі ғимараттың жанында 10 мың шаршы метрлік үш қабатты жаңа ғимарат салынатыны белгілі болды Жаңа ғимаратта 200 орындық сахнасы бар зал, грим бөлмелері, шеберханалар мен цехтарға арналған бөлмелер, декорацияларды сақтауға арналған қоймалар, көркемдік жетекші қызметкерлерге арналған кабинеттер, балалар театр студиясына арналған оқу сахнасы мен сыныптар орналасады. Екі ғимаратты галереялық өткел байланыстырады.
«Бөлінген қаражаттың құрылымын қарасақ, екі ғимаратты заманауи жабдықпен толық қамтамасыз етуге шамамен 6 млрд теңге қажет. Қолданыстағы ғимаратты реконструкциялауға 6 млрд теңге және жаңа ғимарат салуға шамамен 9 млрд теңге қарастырылған», – деді Алматы қаласы Құрылыс басқармасы басшысы Алмас Шабдарбаев бұған дейін.
Мәліметке сүйенсек, жлба 2026 жылдың бірінші тоқсанында беріледі деп жоспарланып отыр.
Желідегі сын
«Письма президенту» арнасында осы ақпаратқа қатысты сын пікір пайда болды.
«Қазақстан Президенті бюджет қаражатын үнемдеуге бірнеше рет шақырғанымен, Алматы қаласының әкімдігі Наталья Сац атындағы театрды жөндеуге халық ақшасынан 21 млрд теңге бөлгелі отыр. Бұл жұмысты олигарх Айдын Рахимбаевқа тиесілі «BI Group» компаниясы жүзеге асырады», — деп жазылған мәліметте.
Арна дерегінше, кезінде толықтай өртеніп кеткен әкімдік ғимаратын қалпына келтіруге 17 млрд теңге жұмсалған, әкімдік ғимараты театрдан әлдеқайда үлкен.
«2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қала әкімдігінің мемлекеттік қарызы да 126,56 млрд теңге болған», — деп жазылған ақпаратта.