Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай, 2022 жылдың басынан бері пайдаланылмай жатқан және заң талаптарын бұзып берілген ауыл шаруашылығы жерлер мемлекетке қайтару жұмысы жалғасып келеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Осы бағытта «AMANAT» партиясы жанынан құрылған аймақтық «Жер аманаты» комиссиясы Батыс Қазақстан облысында ауқымды жұмыс атқарған. 2022 жылдан бері өңірде 468 134 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Соның 97 206 гектары қайта пайдалануға берілген. Қайтарылған алқаптың басым бөлігі ауыл маңындағы жерлер. Олар жергілікті халықтың сұранысына сай, негізінен жайылым ретінде үлестіріліп отыр. Себебі қазір аудан мен ауыл-аймақта ең өзекті мәселенің бірі – жайылым тапшылығы.
Шыңғырлау ауданы әкімінің орынбасары Азамат Бисембаевтың айтуынша, ауданда 400-ге жуық шаруа қожалығы бар. Жер комиссиясы арқылы пайдаланылмай жатқан учаскелерді мемлекетке қайтару жұмысы жүргізілген. Соның нәтижесінде биыл жоспарланған 5 мың гектардың орнына 8 200 гектар жер қайтарылған. Кейін ол алқап қайта айналымға енгізіліп, мал азығының сапасын көтеру үшін бір жылдық және көп жылдық шөп егуге беріліп жатыр.
Шыңғырлау ауданының Ақтау ауылында мемлекетке қайтарылған 600 гектар ауыл шаруашылығы жері аудандық «Жер аманаты» комиссиясының ұсынысымен «Аманай» шаруа қожалығына берілген. Көптен бері мал шаруашылығымен айналысып жүрген кәсіп иесі шабындық пен жайылымның тарлығына байланысты конкурсқа қатысып, қайтарылған жерді игеру мүмкіндігіне ие болған.
Шаруа қожалығының иесі Сағатжан Оразовтың сөзінше, мал шаруашылығында жайылым мен шабындықтың орны бөлек. Осы жоба аясында жер алып, шөп шабатын техникаға қол жеткізгеннен кейін қысқы азықты өз күшімен дайындауға мүмкіндік туған. Қожалық қазір сиыр сауып, сүт өнімін ауыл тұрғындарына жеткізіп отыр. Оның айтуынша, «Жер аманаты» жобасы кәсіпті кеңейтуге жол ашқан. Кәсіпкер ата кәсіпті дамытуға жастар да белсенді араласуы керек деген пікір білдірді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







