Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры салымшыларға жоғары пайызға қызыққанда депозиттің нақты түрі мен мерзімінен бұрын алу шартын мұқият тексеруге кеңес берді, деп жазады Ertenmedia.kz.
ҚДКБҚ сарапшылары банк депозитінің «өмірлік циклі» барысында кездесуі мүмкін тәуекелдерді талдап, алғашқы бөлімде салымды дұрыс таңдауға қатысты негізгі мәселелерге тоқталды. Мамандардың айтуынша, жарнамада жоғары мөлшерлеме көрсетілгенімен, депозиттің нақты шарты әрдайым бірден түсінікті бола бермейді.
Мысалы, 3 немесе 6 айға жылдық 18-20 пайызбен ұсынылған салым әр банкте әртүрлі өнім болуы мүмкін. Бірінде ол мерзімді депозит ретінде рәсімделсе, екіншісінде жинақ салым болуы ықтимал. Ал салым түрі ақшаны мерзімінен бұрын алу тәртібіне тікелей әсер етеді.
Азаматтық кодекске сәйкес, мерзімді салым бойынша ақша мерзімінен бұрын алынған жағдайда сыйақы талап етілмелі салым деңгейінде төленеді. Егер шартта өзгеше тәртіп көзделмесе, қаражатты күту мерзімі 7 күнтізбелік күннен аспауы тиіс.
Ал жинақ салымда талап әлдеқайда қатаң. Мұндай депозиттен ақшаны жартылай алу мүмкін емес, тек толық жабу арқылы ғана қаражатқа қол жеткізуге болады. Мерзімінен бұрын жабылған кезде барлық кезеңге есептелетін сыйақы 0,1 пайыздан аспайды. Ең маңыздысы – салымшы ақшасын кемінде 30 күн күтуі керек.
Депозит ашарда абай болыңыз
ҚДКБҚ мамандары осы айырмашылықты көп азамат кеш түсінетінін айтады. Сырттай қарағанда екі депозиттің де мөлшерлемесі жоғары көрінеді. Бірақ ақша шұғыл қажет болған жағдайда шарттар арасындағы айырма нақты сезіледі.
Банктер депозит өнімдерінің мерзімі, толықтыру мүмкіндігі, пролонгация тәртібі секілді бірқатар талабын өздері белгілейді. Мысалы, мерзімсіз немесе мобильді депозиттер бойынша банктер әдетте төмендетілмейтін қалдықтан асатын шығыс операцияларында сыйақыны азайтпайды. Мұндай салымдар қазір көбіне жылдық 13-16 пайызбен ашылады.
Ал мерзімді салымдарда табыстылық жоғары болғанымен, мерзімінен бұрын алынған жағдайда сыйақы көп жағдайда 1 пайыздан төмен деңгейге дейін төмендейді. Жинақ салымдарда да банк мерзім мен толықтыру шарттарын өзі айқындайды. Қазіргі таңда Қазақстандағы 18 банкте 1 айдан 36 айға дейінгі мерзімге арналған, толықтыруға болатын және толықтыруға болмайтын 100-ге жуық депозиттік өнім бар.
Қор жинақ салымдар бойынша кепілдік сомасы жоғары екенін еске салды. Теңгедегі жинақ салымдар үшін бір банктегі бір салымшыға берілетін ең жоғары кепілдік 20 млн теңгені құрайды. Ал ұлттық валютадағы басқа депозиттер, оның ішінде мерзімді және мерзімсіз салымдар, шоттар мен карталар бойынша кепілдік 10 млн теңгеге дейін беріледі.
2024 жылғы 7 тамыздан бастап банк салымы мен банк шоты шарттарының мазмұнына қойылатын арнайы талаптар күшіне енген. Енді банктер клиентке келісімге қол қою кезінде негізгі шарттарды нақты көрсетуге міндетті.
Депозит түрін алдын ала тексеру маңызды
Клиент қол қоятын өтініште немесе электронды құжатта салым атауы, Азаматтық кодекс бойынша депозит түрі, ҚДКБҚ кепілдігінің ең жоғары сомасы, валюта, ең төменгі сома немесе төмендетілмейтін қалдық, мерзім, сыйақы мөлшерлемесі, жылдық тиімді мөлшерлеме, сыйақыны төлеу тәртібі, ақшаны толық немесе жартылай мерзімінен бұрын алу мүмкіндігі, мұндай жағдайда қолданылатын мөлшерлеме, толықтыру талабы, мерзімді ұзарту тәртібі және өзге де маңызды шарттар көрсетілуі тиіс.
Сарапшылар онлайн депозит ашқан кезде әсіресе екі тармаққа назар аударуға шақырады. Біріншісі – депозиттің нақты түрі. Екіншісі – ақшаны мерзімінен бұрын алу мүмкіндігі. Сонымен қатар ҚДКБҚ кепілдігінің көлемін де алдын ала тексеру қажет.
Қор дерегінше, теңгедегі жинақ салымдар жоғары кепілдігі бар танымал өнімдердің бірі болып отыр. 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша мұндай салымдарда 2,6 трлн теңге орналастырылған. Оның жеке тұлғалар депозиттеріндегі үлесі 9,3 пайызды құрайды.
Теңгедегі депозит күшейді
Теңгедегі мерзімді салымдардың танымалдығы да артып келеді. Бір жыл ішінде олардың көлемі шамамен 10 есеге өскен. Қазір бұл депозиттердегі қаражат 4,7 трлн теңгеге жетіп, жеке тұлғалар салымдарының 16,6 пайызын құрады.
Мерзімсіз теңгелік салымдар нарықтағы тұрақты үлесін сақтап отыр. Олардың көлемі 9,4 трлн теңге немесе жеке тұлғалар депозиттерінің 33,2 пайызына тең.
Қалған бөлігін ұлттық валютадағы мақсатты жинақтар, оның ішінде білім беру және тұрғын үй құрылыс жинақтары құрайды. Олардың үлесі 11,4 пайыз. Құбылмалы мөлшерлемесі бар депозиттерге 1,1 пайыз, ал теңгедегі шоттар, карталар және талап етілмелі салымдарға 8,1 пайыз тиесілі.
Валюталық депозиттердің үлесі тарихи төмен деңгейге түсті. 2026 жылғы 1 мамырдағы дерек бойынша, олардың үлесі 20,3 пайыз болды. ҚДКБҚ мұны халықтың теңгедегі салымдарға сенімі артқанын және жоғары мөлшерлемелі ұлттық валютадағы өнімдерге сұраныстың күшейгенін көрсететін үрдіс деп бағалайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







