25 шілдеде Қазақстанның батысы мен оңтүстігінде аптап ыстық сақталып, елдің бірқатар өңірінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Атырауда ауа температурасы 42 градусқа дейін көтерілсе, Астана, Алматы, Қарағанды, Семей және Өскеменде тұрақсыз ауа райы күтіледі, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Астанада күн бұлтты болып, жаңбыр жауады және найзағай ойнайды. Жел екпіні секундына 15–20 метрге дейін күшейіп, түнде 14–16, күндіз 27–29 градус жылы болады. Алматыда да жаңбыр мен найзағай күтіліп, ауа температурасы күндіз 30–32 градусқа жетеді.
Шымкентте жауын-шашын болмайды, алайда жел екпіні секундына 15–20 метрге дейін баруы мүмкін. Қалада түнде 19–21, күндіз 34–36 градус ыстық болады. Түркістанда ауа 36–38, Таразда 33–35 градусқа дейін қызады.
Ең жоғары температура Атырауда тіркелмек. Мұнда жауын-шашынсыз ауа райы сақталып, күндіз сынап бағаны 40–42 градусқа дейін көтеріледі. Ақтауда 33–35, Ақтөбеде 34–36, Оралда 36–38 градус ыстық болжанады.
Қызылордада аспан ашық болып, күндіз ауа температурасы 35–37 градусқа жетеді. Қонаевта жауын-шашын күтілмейді, түнде 18–20, күндіз 33–35 градус жылы болады. Талдықорғанда да күн ашық болып, ауа 32–34 градусқа дейін қызады.
Жезқазғанда жауын-шашынсыз ауа райы сақталып, күндіз 30–32 градус жылы болады. Қарағандыда жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, температура 25–27 градус шамасында қалыптасады. Көкшетауда жаңбыр жауып, жел екпіні секундына 15–18 метрге дейін күшеюі мүмкін.
Қостанайда күндіз 32–34 градус ыстық болып, жауын-шашын күтілмейді. Петропавлда ауа температурасы 27–29 градусқа дейін көтеріліп, күн ала бұлтты болады. Павлодарда жауын-шашын болмаса да, жел екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді.
Шығыс өңірлерде тұрақсыз ауа райы басым болады. Семейде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, жел екпіні секундына 15–18 метрге дейін күшейіп, күндіз 26–28 градус жылы болады. Өскеменде де жаңбыр мен найзағай күтіліп, ауа температурасы 25–27 градус шамасында қалыптасады.
Синоптиктер найзағай кезінде ашық алаңда, су айдындарының маңында және биік ағаштардың астында тұрмауға кеңес береді. Аптап ыстық болатын өңірлерде күннің ең қызған уақытында далаға шығуды шектеп, жеткілікті мөлшерде су ішкен жөн. Күшті жел кезінде әлсіз бекітілген құрылымдар мен электр желілерінен алыс жүрген дұрыс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







