Тоқаевтың Омбыдағы сөзін Батыс баспасөзі іліп әкетті. Financial Times Қазақстан президентінің қантөгісті доғаруға шақыруын Мәскеудің ең жақын серіктері де Кремльдің соғыс уәжіне күмән келтіре бастағанының белгісі деп бағалады деп жазады Ertenmedia.kz.
Сібірдің Омбы қаласында Кремль көсемімен тілдескен Тоқаев қақтығыстың «түпкі мәнін түсінбейтінін» жеткізген. «Өрімдей жастардың қырылып жатқаны қасірет. Ресей мен Украинаның болашағына балта шабылуда», – деді ол.
Алайда Ақорданың аргументі Мәскеуге ой салмаған сынды. Кездесуден кейін Кремль атынан сөйлеген Дмитрий Песков қантөгістің үдей түсерін меңзеп, «мақсатқа жетпей тынбаймыз» деп мәлімдеді.
Омбыдағы тосын пікір Тоқаевтың осы күнге дейін Путинге жасаған ең қиғаш үндеуі-тін. Біздің ел бертінге дейін Ресей басқыншылығын ашық айыптаудан тартынып келген.
«Солай бола тұра, Тоқаев Кремль қолтығына су бүркіп отырған Киевтің шығысындағы сепаратистік ұйымдарды мойындаудан бас тартты. Украинаны егемен мемлекет деп танитынын да ұдайы айтып келеді. Қазақстан президентінің күні кешегі ашық ескертуі Киевтің дрондары Кремльдің кіндік аймағына жетіп, ірі мұнай зауыттары мен «Ресейдің Amazon-ы» аталып кеткен маркетплейстің қоймалары өртенген тұста айтылды», — дейді осы ретте Financial Times.
Кешегі кездесуде Тоқаев 2022 жылғы Ыстанбұл келіссөзінің шеңберіне оралуды ұсынды. Аталған жоспар бойынша Украина ірі державалардың қауіпсіздік кепілдігіне айырбас ретінде бейтарап мәртебені қабылдауы керек еді.
«Ол ма, ол Путиннің соғысты ақтау үшін алға тартқан басты уәжінің біріне күмән келтіріп, «көпшілік», соның ішінде Қазақстан да осы қақтығыстың табиғатын түсінбейтінін айтты. Осы тұста Армения мен Әзербайжан арасындағы жанжалды әдемі мысал етіп, ол жақтағы текетірестің мәні «түсінікті» әрі «тарихи тамыры бар» екенін алға тартты. Сөзінше, белгілі бір тарап Қазақстан президентінен Путинге осы бұйымтайды жеткізуді сұраған. Алайда өтініштің кімнен түскенін ашып айтпады», — дейді Батыс басылымы.
Financial Times-тың пайымдауынша, Тоқаев сөй дей келе, Путинмен кездесуде бір ет, бір май тәсілін пайдаланған. Әлгі пікірден кейін іле-шала Қазақстанның Ресеймен ынтымақтастыққа адал болып қала беретінін жеткізген.
«Соғыс Астанаға да оңай соқпай тұр. Қазақ мұнайының 80 пайызы Ресей арқылы өтеді. Атышулы КТК ұдайы шабуылға ұшырап, елді табыстан қағуда, Елді өндіріс көлемін қысқартуға мәжбүр етуде», — дейді осы ретте Financial Times.
Дереккөз: Ertenmedia телеграм арнасы
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







