Қазақстанда шоколад бағасы өсуін жалғастырып, 2026 жылдың алғашқы жартысында былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 30,3 пайыз қымбаттады. Сарапшылар мұндай қарқын кейінгі жылдардағы ең жоғары көрсеткішке айналғанын айтады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
2020 және 2021 жылдары шоколад құны жылына шамамен 8–9 пайыз көтерілген. 2022 жылдан бастап баға өсімі айтарлықтай үдеп, жоғары деңгейде сақталып келеді. Кейінгі серпін шоколадтың күнделікті өнімнен біртіндеп қымбат тағам санатына ауысып бара жатқанын аңғартады.
Бағаның ең елеулі айлық өсімі 2025 жылдың тамызы мен қыркүйегінде тіркелді. Сол кезеңде шоколад бір айда тиісінше 3,8 және 4,8 пайыз қымбаттаған. 2026 жылғы ақпанда да баға бірден 3,3 пайыз өсті.
Energyprom.kz сарапшылары қымбаттаудың негізгі себебінің бірі ретінде импортқа тәуелділікті атайды. 2026 жылғы қаңтар–мамыр аралығында елдегі шоколад пен кондитерлік өнім қорының шамамен 60 пайызы шетелден жеткізілген. Қазақстан осы кезеңде 58,5 мың тоннадан астам өнім импорттаса, отандық кәсіпорындар 39 мың тоннаға жуық тауар шығарды.
Жергілікті өндіріс бір жылда 14,1 пайыз артқанымен, ішкі нарықтағы үлесі шамамен 40 пайыз деңгейінде қалды. Импорттың салмағы, керісінше, кейінгі бірнеше жылда тұрақты өскен. 2020 жылы оның үлесі 50,6 пайыз болса, 2025 жылдың қорытындысында 61,8 пайызға жетті.
Өндіріс өсті, баға түспеді
Қазақстанға жеткізілетін шоколадтың негізгі бөлігі Ресейден келеді. Қаңтар–мамырда шоколад пен құрамында какао бар өнім импортының 73,6 пайызы осы елге тиесілі болған. ТМД мемлекеттерінен әкелінетін шоколад құнының индексі бір жылда 143,2 пайызға жетсе, өзге елдерден келетін өнім бойынша көрсеткіш 93,6 пайызды құрады.
Қазақстандық фабрикалар да өнім бағасын көтергенімен, өсім импорттық тауармен салыстырғанда бәсең болды. Маусым қорытындысында отандық өндірушілердің шоколад өнімі бір жылда 9,2 пайыз қымбаттаған. Демек, дүкен сөресіндегі күрт өсімге сыртқы жеткізілім бағасы мен импорт құрылымы көбірек ықпал етіп отыр.
Жергілікті кәсіпорындар өндірісті ұлғайтумен қатар, экспортты да белсенді дамытып келеді. 2026 жылдың алғашқы бес айында шетелге жөнелтілген шоколад көлемі 25 пайыз өсіп, 20,1 мың тоннаға жетті. Ішкі нарықтағы сатылым да 10 пайыз артып, 77,4 мың тоннаны құрады.
Соған қарамастан қазақстандық фабрикалардың өндірістік әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. 2025 жылы кәсіпорын жабдықтарының жүктемесі небәрі 52,2 пайыз болған, мұндай нәтиже кейінгі жылдардағы ең төменгі деңгей саналады. Өндіріс қуатын арттыру ішкі нарықтағы импорт үлесін азайтып, бағаға түсетін сыртқы қысымды әлсіретуге мүмкіндік берер еді.
Шоколад құнының алдағы бағыты какао шикізатының әлемдік бағасына, валюта бағамына және Ресейден келетін жеткізілім шарттарына тәуелді болады. Отандық өндіріс өскенімен, импорт басымдығы сақталған жағдайда сыртқы нарықтағы кез келген өзгеріс қазақстандық тұтынушының қалтасына тікелей әсер етеді. Тәтті өнім нарығындағы қазіргі ахуал ішкі өндірісті көбейту мен қолданыстағы қуатты тиімді пайдаланудың маңызын көрсетіп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







