12 наурыздан бері Қазақстан жолдарындағы камералар жаңа сипаттағы бірқатар заңбұзушылықты тіркей бастады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Алғашқы бір айдың қорытындысы жүйенің ауқымы күткеннен де кең екенін көрсетті.
Ішкі істер министрлігінің мәліметіне қарағанда, мемлекеттік дерекқормен ықпалдастырылған жүйе іске қосылғалы бері 5 мыңнан астам сақтандыру полисі жоқ дерек анықталған. Оған қоса, 5,5 мыңнан астам көлік техникалық байқаудан өтпеген болып шыққан.
Сонымен бірге қауіпсіздік белдігін тақпауға қатысты шамамен 700 заңбұзушылық тіркелген. Ал рөлде отырып телефон пайдаланудың 6 дерегі анықталған.
Ведомство өкілдері жүйенің мақсаты жазалау емес, ең алдымен құқықбұзушылықтың алдын алу және азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау екенін атап өтті. Осыған байланысты жүргізушілерге сақтандыру полисінің бар-жоғын алдын ала тексеріп, техникалық байқаудан уақытында өтіп, жол қозғалысы ережесін қатаң ұстану жөнінде үндеу жасалды.
Бұған дейін…
Полиция бұған дейін рөлде телефон қолдануға қатысты талапты да нақтылап өткен. Егер телефон арнайы ұстағышқа бекітіліп, навигатор ретінде пайдаланылса және жүргізуші қозғалыс кезінде құрылғыға қол тигізбесе, оған рұқсат етіледі.
Ал заңнамада телефонды қолға ұстамай пайдаланатын заманауи байланыс технологиясына тыйым салынбаған. Мұндай қатарға hands-free жүйесі, Bluetooth, көліктің штаттық мультимедиа жүйесі және дауыспен басқару функциясы кіреді.
Сондай-ақ кей жағдайда жүйе автоматты түрде айыппұл емес, ескерту де шығара алады. Мәселен, жолда кептеліс туғызу немесе сыртқы жарық құралын дұрыс қолданбау секілді әрекет үшін заң ескерту жасауға мүмкіндік берсе, шешім де соған сай қабылданады.
Осылайша, жолдағы бақылау енді жылдамдық пен қызыл шамнан әлдеқайда ары асып, жүргізушінің құжаты мен жүріс-тұрысындағы ұсақ көрінген кемшілікті де қалт жібермейтін кезеңге өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







