Түркістан облысында шегіртке тектес зиянкестерге қарсы күрес жұмысы талапқа сай жалғасып жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазақстан аумағында шегіртке тектес зиянкестің 270-тен астам түрі кездеседі. Соның ішінде ауыл шаруашылығына ең көп қауіп төндіретін түрдің бірі – Марокко шегірткесі. Ғылыми атауы Dociostaurus maroccanus деп аталатын осы жәндік аса қауіпті үйірлі шегіртке қатарына кіреді. Ол қысқа уақыт ішінде дәнді дақылға, жайылымға, жоңышқаға және басқа да ауыл шаруашылығы алқаптарына айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін.
Марокко шегірткесінің басты қаупі оның жаппай шоғырланып әрекет етуінде. Мамандардың дерегінше, 1 шаршы метр аумақта 200-300 дараққа дейін жиналуы ықтимал. Егер зиянкес дер кезінде анықталмаса және қажетті қорғаныс шарасы жүргізілмесе, өсіп тұрған егін мен жайылым қысқа мерзімде зақымданып, шаруаларға елеулі шығын келуі мүмкін.
Түркістан облысында зиянкеспен күрес жұмысын үйлестіру үшін екі штаб құрылған. Бірі Арыс қаласында, екіншісі Келес ауданында орналасқан. Штаб облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің басшылығымен жұмыс істеп жатыр. Негізгі міндет – Болжам орталығы көрсеткен аймақтарда химиялық өңдеудің уақытылы әрі талапқа сай жүргізілуін қамтамасыз ету.
Қазіргі таңда штаб 65 сектордағы ахуалды күн сайын зерделейді. Химиялық препараттың қажетті мөлшерде және уақытылы жеткізілуі, оның мақсатты жұмсалуы тұрақты бақылауда. Дәріленген аумақтарды мобильді топтар аралап, өңдеу сапасын тексереді. Нәтижесі штаб төрағасына баяндалады.
Түркістан облысы бойынша шегіртке зиянкесіне қарсы 906,088 мың гектар аумақты зерттеу жоспарланған. Қазірге дейін 847,5 мың гектар жер тексерілді. Соның 288,7 мың гектарында зиянкес экономикалық зиянды шектен асқаны анықталды. Мұндай көрсеткіш өңірде фитосанитарлық қауіптің әлі де өзекті екенін көрсетеді.
Облыстағы 10 ауданда жалпы 287,8 мың гектар аумақ дәріленді. 13 мамыр күнгі мәлімет бойынша, өңдеу жұмысына 168 арнайы техника, 27 су тасығыш көлік және мыңға жуық анықтаушы жұмылдырылған. Әр техника мен әр мобильді топтың жұмысы қауіпті ошақтарды дер кезінде қамтуға бағытталған.
Штаб жүргізген мониторинг қорытындысына сәйкес, химиялық өңдеу аяқталған секторлардағы техника өзге қауіпті аймақтарға жіберіліп жатыр. Қазіргі кезде 58 техника Келес ауданында, 41 техника Сарыағаш ауданында, 31 техника Арыс қаласының аумағында жұмыс атқаруда.
Мамандар үшін шегірткеге қарсы күрестегі ең маңызды шарт – уақыт. Зиянкес үйірге толық айналып, егістік пен жайылымға жаппай таралмай тұрғанда әрекет ету қажет. Түркістан облысында құрылған штабтар, мобильді топтар мен техниканың қайта бағытталуы осы тәуекелді азайтуға арналған. Ауыл шаруашылығы үшін әр гектардың маңызы бар кезеңде мұндай жұмыс өңірдегі егін мен жайылым қауіпсіздігін сақтаудың негізгі құралына айналып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







