23 тамыздағы Құрылтай сайлауы қарсаңында Тәуелсіз байқаушылардың Ақпараттық штабы дайындық жұмыстарын аяқтап, еліміздің барлық 20 өңірін қамтитын бірыңғай ақпараттық желі құрды. Штаб дауыс беру күні Алматыдағы орталық студиядан сағат 07:00-ден 00:00-ге дейін үздіксіз жұмыс істеп, өңірлерден келетін ақпаратты тексеріп, қоғамға жедел ұсынуды жоспарлап отыр, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Дайындық қорытындысы Алматы қаласындағы Қоғамдық коммуникациялар орталығында өткен брифингте жарияланды. Штабтың негізгі алаңы Алматыда орналасады, ал еліміздің барлық өңіріндегі серіктестер орталық студияға тікелей эфир арқылы қосылып отырады.
Өңірлік желі жергілікті тәуелсіз байқаушылармен тұрақты байланыс орнатады. Дауыс беру барысына қатысты мәлімет алдымен өңірде нақтыланып, кейін Ақпараттық штабқа жолданады.
«Дайындық кезеңі аяқталды. Бүгінде еліміздің барлық 20 өңірін қамтитын өзара іс-қимыл желісі қалыптасты. 23 тамызда сағат 07:00-ден 00:00-ге дейін Ақпараттық штаб үздіксіз ақпараттық режимде жұмыс істейді», – деді штаб жетекшісі Рафаэль Гасанов.
Оның айтуынша, негізгі мақсат – елдегі дауыс беру барысының жалпы картинасын көру, жергілікті жерлерден ақпаратты жедел алу және қоғамға оқиғалардың қалай өтіп жатқанын көрсету.
Эфирлік кестеде өңірлерден тұрақты тікелей қосылымдар, брифингтер, сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерінің пікірлері қарастырылған. Штаб журналистері Алматыдағы сайлау учаскелерінде де жұмыс істейді. Алғашқы өңірлік қосылымдар таңғы сағат 07:00-де басталады.
Ақпараттық штаб жұмысының басты қағидаларының бірі – жеделдікпен қатар деректің шынайылығын сақтау. Өңірлерден түскен кез келген маңызды хабар жергілікті әріптестер арқылы қайта тексеріліп, расталғаннан кейін ғана жарияланады.
«Біз үшін ақпаратты жылдам алу ғана емес, оның өзекті әрі шынайы екеніне көз жеткізу маңызды. Ақпарат тексерілгеннен кейін ғана бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғам назарына ұсынылады», – деді Рафаэль Гасанов.
Штабтың міндеті расталған факт пен тексерілмеген ақпаратты ажыратып, сайлау күні қалыптасқан жағдай жөнінде қоғамды объективті хабардар етуге бағытталған.
Брифинг барысында әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тарайтын ақпаратқа жауапкершілікпен қарау мәселесі де көтерілді. Штаб өкілдері азаматтарды фото, бейне немесе хабарламаны қайта жарияламас бұрын оның шынайылығын тексеруге шақырды.
«Әдейі жалған және тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырамыз. Дауыс беру күні ақпарат көлемі күрт өседі. Сондықтан әрқайсымыз жариялап немесе таратып отырған мәліметке жауапкершілікпен қарауымыз керек», – деді штаб жетекшісі.
23 тамызда Ақпараттық штаб Алматыдағы орталық студия, өңірлік өкілдер, тәуелсіз байқаушылар және бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы тұрақты байланысты қамтамасыз етеді.
Осы жүйе арқылы өңірлерден келетін ақпарат жедел қабылданып, нақтыланып және тексеріліп отырады. Нәтижесінде БАҚ пен қоғам дауыс беру барысы жөніндегі деректі бір орталықтан алып отыруға мүмкіндік алады.
Тәуелсіз байқаушылардың Ақпараттық штабы осылайша сайлау күніндегі ақпарат ағынын жинақтайтын, тексеретін және өңірлер арасындағы байланысты біріктіретін бірыңғай алаң ретінде жұмыс істеуге дайын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







