Қазақстанда 1414 бірыңғай байланыс нөмірінен екпе салынғаны туралы SMS-хабарлама алған 7 мыңнан астам азамат өздеріне ешқандай вакцинация жасалмағанын ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz. Тұрғындардың жаппай теріске шығаруы отандық денсаулық сақтау жүйесіндегі қағаз жүзіндегі жалған көрсеткіштер мен бюджет қаржысын негізсіз игеруге жол ашатын «виртуалды науқастар» мәселесін қайта әшкерелеп берді.
Әрбір оныншы азамат екпе алмағанын айтқан
Денсаулық сақтау министрлігі қазан айының соңынан бастап еліміз бойынша жасалған екпелерді азаматтардың өзіне SMS арқылы тексерту тетігін енгізген болатын. Дәрігер ақпараттық жүйедегі «Вакцинация» бөліміне екпе туралы дерек енгізген сәтте, пациентке немесе оның ата-анасына вакцина түрі мен күні көрсетілген хабарлама автоматты түрде жолданады. Егер екпе шынымен салынса — «811», ал салынбаса — «812» кодын кері жіберу қажет.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми дерегіне сүйенсек, пилоттық жоба басталғалы бері ел азаматтарына 698 мыңнан астам хабарлама жіберілген. Соның ішінде 67,7 мың адам ғана жауап қатқан, яғни хабарлама алғандардың 10 пайызына да жетпейді.
Ең сорақысы — жауап бергендердің 7 мыңнан астамы жүйеде көрсетілген екпені мүлдем салдырмағанын айтып, бірден теріс жауап («жоқ») қайтарған. Бұл дегеніміз — кері байланыс орнатқан әрбір оныншы азаматтың атына жалған екпе жазылған болып шықты.
Министрліктің уәжі: алаяқтардан сескенген бе?
Күтпеген даудан кейін Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті теріс жауап берген азаматтардың әрқайсысымен жеке хабарласып, анықтау жұмыстарын бастады. Ведомство мамандары азаматтардың «жоқ» деген жауабы әрдайым екпенің салынбағанын білдірмейді деп ақталуда.
Шенеуніктердің сөзінше, кейбір тұрғындар 1414 қызметінен келген хабарламаны кибералаяқтардың кезекті айласы деп түсініп, сақтық шарасы ретінде теріс жауап жіберген. Сондай-ақ хабарлама мәтінін түсінбей қателескендер немесе мектепте баласына екпе салынғанынан бейхабар ата-аналар да бар көрінеді.
Қазіргі таңда арнайы тексеріс жүріп жатыр. Егер азаматқа екпенің шынымен жасалмағаны ресми дәлелденсе, медициналық жүйедегі жазба дереу өшіріліп, деректер Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (ӘМСҚ) тиісті шара қолдану үшін жіберіледі.
«Виртуалды науқастар» және бюджетті талан-таражға салу
SMS-хабарлама арқылы ашылған бұл жайт — денсаулық сақтау саласындағы жүйелі жемқорлық пен көзбояушылықтың бір ғана қыры. Емханалар мен медициналық орталықтардың науқастардың атына өтірік емшаралар мен екпелерді жазып қоюы (приписка) бұрыннан келе жатқан дерт.
Мұндай заңсыздықтың басты себептері айқын:
Жоспарды жасанды орындау: емханаларға екпе егу деңгейін 90–95 пайыздан түсірмеу туралы жоғарыдан қатаң талап қойылады. Дәрігерлер жұмыстан сөгіс алмас үшін екпеден бас тартқандардың орнына өтірік мәлімет толтыра салады;
Сақтандыру қорының қаржысын жымқыру: емханаларға мемлекеттік кепілдендірілген көлем мен сақтандыру қорынан көрсетілген әрбір қызметке жеке-жеке ақша төленеді. Жасалған екпелердің санын қағаз жүзінде көбейту арқылы медициналық мекемелер оңай табысқа кенеледі.
Қағаз жүзінде салынды деп көрсетілген, бірақ шын мәнінде адамдарға егілмеген миллиондаған теңгенің вакциналары қайда кетеді? Олар көбіне акт жасалып, әжетханаға немесе қоқысқа төгіледі.
Бұған дейін Жоғары аудиторлық палата мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет емханалардың миллиондаған «өлі жандарды», тіпті өмірде жоқ виртуалды пациенттерді емдедік деп қазынадан қыруар қаржы жымқырғанын бірнеше рет әшкерелеген еді. Енді сол былық вакцинация саласынан да анық көрініс тауып отыр.
1414 арқылы енгізілген SMS бақылау — халық пен мемлекет бақылауына берілген жақсы цифрлық қадам. Алайда жалған жазба толтырған емхана басшылары мен жауапты мамандар заң алдында нақты жауапқа тартылмайынша, қазына қаржысын «виртуалды науқастарға» шашу тоқтамайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







