Ақтөбе облысындағы республикалық маңызы бар «Ақтөбе – Қандыағаш» тасжолының 89 шақырымдық жаңа бөлігі ресми түрде ақылы жүйеге көшірілді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының шешімімен аталған учаске бұрыннан жұмыс істеп тұрған «Қандыағаш – Мақат» ақылы бағытының құрамына біріктіріліп, ақы алынатын тасжолдың жалпы ұзындығы 469,5 шақырымға дейін ұзарды.
Кім төлейді және тариф құны қанша?
Жаңа ережеге сәйкес, тасжолдың белгілі бір аумақтарында көлік санатына қарай төлем жүйесі екі түрлі деңгейде белгіленген:
11-ден 87,2-шақырымға дейінгі аралық: бірінші санаттағы 4 жолақты жол саналғандықтан, мұнда көліктің барлық түріне, соның ішінде жеңіл автомобильдерге де жолақы төлеу міндеттелді;
87,2-ден 100-шақырымға дейінгі және одан әрі қарайғы бөліктер: ақы тек жүк көліктері мен автобустардан ғана алынады. Жеңіл көліктер қалған қашықтықта тегін қатынай алады.
Жеңіл автокөлік иелері үшін 89 шақырымдық ақылы бөліктен бір бағытта өту құны алдын ала төлем жасаған жағдайда шамамен 240 теңге болады. Ал сапардан кейін төленсе, тариф 276 теңгеге дейін өседі. Жүк көліктері мен автобустардың жолақысы олардың жүк көтергіштігі мен орын санына қарай жеке есептеледі.
10 бақылау аркасы және жергілікті тұрғындарға жеңілдік
Тасжол бойында шлагбаумдар қойылмаған. Оның орнына көліктердің мемлекеттік тіркеу нөмірін тәулік бойы автоматты түрде оқитын 10 арнайы бақылау аркасы орнатылды. Жүйе автокөліктің жүріп өткен қашықтығын цифрлық түрде есептеп, төлем сомасын арнайы базаға енгізеді.
Жол маңындағы елді мекендер мен аудандарда тұратын тұрғындар үшін жеңілдетілген арнайы абонемент қарастырылған. Жергілікті жеңіл көлік иелері жылына 1 айлық есептік көрсеткіш (4 325 теңге) төлеп, жыл бойы шектеусіз қатынай алады. Ал жүк тасымалдаушылар мен автобустарға айлық және жылдық абонементтер бекітілген.
«ҚазАвтоЖол» жиналған қаржының барлығы жол инфрақұрылымын күтіп-ұстауға, қысқы тазалыққа және жаңа арнайы техника сатып алуға бағытталатынын хабарлады.
Жөндеудің созылуы мен халықтың күдігі
«Ақтөбе – Қандыағаш» тасжолы — еліміздегі ең көп сынға ұшыраған әрі құрылысы жылдарға созылған ұзақ жобалардың бірі. Жергілікті жүргізушілер мен қалааралық тасымалдаушылар тасжолдың жөндеуі ұзаққа созылып, сапасыз салынған учаскелерінен көліктерінің тозғанын айтып, талай мәрте наразылық білдірген.
Тұрғындар арасында жол толықтай мінсіз күйге жетпей, сервистік нысандары реттелмей жатып, асығыс ақылы ету шарасына күмәнмен қарайтындар аз емес. Әсіресе қыс түсіп, боран мен көктайғақ басталатын шақта күрежолдың сапалы күтімі қаншалықты қамтамасыз етіледі деген сұрақ туындайды.
Ақылы жол мәртебесін беру арқылы мемлекет бюджетке түсетін салмақты азайтуды көздегенімен, жүргізушілер төлеген әрбір теңгесіне сай қауіпсіз әрі мінсіз трассаны талап етеді. Егер жол бойындағы жарықтандыру, қар тазалау мен жол белгілері уақтылы қадағаланбаса, жаңа алым батыс өңіріндегі жүргізушілердің әлеуметтік наразылығын тудыратын кезекті өткір тақырыпқа айналуы әбден мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







