Қырғызстан Алматы мен еліміздің оңтүстігіндегі жарықтың жаппай өшуіне Тоқтоғұл ГЭС-індегі ақау тікелей себеп болды деген Қазақстан тарапының тұжырымымен келіспеді. Көрші елдің Энергетика министрлігі апаттың барлық салдарын қырғыз энергожүйесіне артуға әлі ерте екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қырғыз ведомствосы Тоқтоғұл ГЭС-індегі екі гидрогенератордың қысқа уақытқа тоқтағанын растады. Ақау 14 тамызда Бішкек уақытымен сағат 15:37-де тіркелген. Осыдан кейін Қырғызстанның энергожүйесі Орталық Азияның біріккен желісінен бөлініп, дербес жұмыс режиміне көшкен.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, энергетиктер жиілікті небәрі 18 минут ішінде қалыпты 50 герц деңгейіне жеткізген. Сол аралықта көрші мемлекеттерге шамамен 250 мегаватт қуат берілген.
«Алматы энергетикалық торабы Орталық Азияның біріккен жүйесіндегі жиілік қалыпты деңгейге келгеннен кейін ажырады. Тоқтоғұл ГЭС-індегі екі гидрогенератордың өшуі бастапқы ауытқуға түрткі болғанымен, оны басқа мемлекеттердегі энергетикалық тораптардың ажырауына тікелей себеп деуге болмайды», – делінген Қырғызстан Энергетика министрлігінің түсініктемесінде.
Бішкек өзге елдердің энергожүйесінде кейін қандай үдеріс жүргенін жеке талдау қажет деп отыр. Қырғыз тарапы бірлескен техникалық тексеру аяқталмайынша, жауапкершілікті бір мемлекетке жүктеуді жөнсіз санайды.
KEGOC бұған дейін апаттың бастауын Тоқтоғұл ГЭС-індегі жалпы қуаты 600 мегаватт болатын екі гидрогенератордың істен шығуымен байланыстырған. Компания мәліметінше, соның салдарынан Қазақстанның «Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік» транзитіне шамадан тыс салмақ түсіп, оңтүстік аймақ елдің бірыңғай энергожүйесінен ажыраған.
14 тамыздағы апат Алматының басым бөлігін, Жетісу, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарын жарықсыз қалдырды. Қарағанды, Ұлытау және Абай облыстарындағы бірқатар тұтынушы да электр қуатынан уақытша ажыратылған. Апаттың түпкі себебін арнайы комиссия анықтайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







