Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген екінші телефон сауалнамасында респонденттердің 73,8 пайызы 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысуға ниетті екенін айтқан. Партиялық рейтингте «Әділет» 70,2 пайыз қолдаумен бірінші орында тұр, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Зерттеу 21 шілде-4 тамыз аралығында жүргізілген. Оған Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен 17 облыста тұратын 1 200 респондент қатысқан.
«23 тамыз 2026 жылы өтетін Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысуды жоспарлап отырсыз ба?» деген сұраққа қатысушылардың 73,8 пайызы оң жауап берген. 8,1 пайызы дауыс беруге бармайтынын айтса, 18,1 пайызы әлі нақты шешім қабылдамаған.
8-20 шілде аралығында жүргізілген алғашқы өлшеммен салыстырғанда сауалнамада мәлімделген қатысу көрсеткіші 2,5 пайызға өскен. Дауыс беруге қатыспайтынын айтқандар үлесі 15,2 пайызға азайып, таңдауын әлі анықтамағандар үлесі 1,7 пайызға артқан.
Ауыл тұрғындары сайлауға қатысуға қала тұрғындарынан 5,3 пайыз жиі ниет білдірген.
Зерттеудің тағы бір ерекшелігі — электоралдық белсенділікте жас айырмашылығының айқын байқалмауы. 46-60 жас аралығындағы және 61 жастан асқан респонденттердің сайлауға қатысуға дайындығы 18-28 жастағы жастармен шамалас деңгейде болған.
Әйелдер дауыс беруге қатысатынын ерлерге қарағанда 6,2 пайыз жиі айтқан. Жоғары білімі бар респонденттер арасында да электоралдық белсенділік жоғары.
Сауалнама барысында қатысушылардан алдағы Құрылтай сайлауында қай партияға дауыс беретіні де сұралған.
Партиялық рейтингте «Әділет» көш басында қалып отыр. Оны қолдауға дайын респонденттердің үлесі 70,2 пайызды құраған. Институт мәліметінше, партия жынысы, жасы, тұрғылықты жері, білім деңгейі және этникалық тиесілігі бойынша негізгі әлеуметтік-демографиялық топтардың барлығында бәсекелестерінен алда.
Одан кейінгі партиялардың көрсеткіштері бір-біріне жақын және олардың арасындағы айырмашылық статистикалық қателік шегінен шықпайды.
«Ауыл» партиясын респонденттердің 5,6 пайызы қолдаған. «Ақ жолдың» көрсеткіші — 4,9 пайыз, Respublica — 4,7 пайыз, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия — 4,5 пайыз, Қазақстан халық партиясы — 3,3 пайыз. «Байтақ» жасылдар партиясын таңдағандар үлесі 0,8 пайыз болған.
Алғашқы сауалнамамен салыстырғанда аталған партиялардың рейтингінде елеулі өзгеріс байқалмаған. Ерекшелік ретінде ЖСДП көрсеткіші аталады.
Сонымен бірге партиялардың әлеуетті электоратының әлеуметтік портретінде айырмашылық бар.
Ауылдық жерде «Ауыл» партиясына дауыс беруге дайын респонденттер қалаға қарағанда 1,6 есе көп. Зерттеу авторлары мұны партияның аграрлық және аумақтық бағыттағы электоралдық науқанымен байланыстырады.
«Ақ жолды», керісінше, қала тұрғындары мен 61 жастан асқан респонденттер жиірек қолдаған.
Respublica партиясының ең жоғары көрсеткіші 18-28 жастағы қала жастары мен жоғары білімі бар азаматтар арасында тіркелген. Осы партияларды қолдауда ерлер мен әйелдер арасында елеулі айырмашылық анықталмаған.
ЖСДП электораты аумақтық және демографиялық тұрғыдан салыстырмалы түрде біркелкі бөлінген.
Саяси ақпарат алудың негізгі арнасы әлеуметтік платформалар
Қазақстан халық партиясын бұрынғыдай көбіне аға буын өкілдері қолдайды. «Байтақты» таңдауға бейім респонденттер арасында ауыл тұрғындары мен 61 жастан асқан азаматтардың үлесі жоғары.
«Барлығына қарсымын» нұсқасын таңдауға ниеттілер 1,5 пайызды құраған. Тағы 1,3 пайызы қай партияға дауыс беретінін шешпеген немесе сұраққа жауап беруге қиналған.
Саяси ақпарат алудың негізгі арнасы әлеуметтік платформалар болып отыр. Оларды респонденттердің 65,4 пайызы атаған. Телевизияны 22,4 пайызы, жаңалық тарататын интернет-сайттарды 14,9 пайызы көрсеткен. Қатысушыларға екі жауап нұсқасын таңдауға мүмкіндік берілгендіктен, көрсеткіштердің жиынтығы 100 пайыздан асады.
Сайлау науқаны басталғаннан кейін телевизияның рөлі де айтарлықтай күшейген. Алғашқы өлшеммен салыстырғанда оның көрсеткіші бірден 10 пайызға өскен. Зерттеу авторлары аудитория назарындағы өзгеріске теледебаттар мен жаңа тақырыптық бағдарламалардың іске қосылуы әсер етуі мүмкін екенін айтады.
Ақпарат тұтыну тәсілі жас ерекшелігіне қарай қатты өзгереді. 18-28 жастағы жастардың 77,5 пайызы саяси жаңалықты әлеуметтік платформалардан алатынын айтқан. Осы топта телевизияны атағандар — 12,9 пайыз.
61 жастан асқан респонденттердің 37,8 пайызы телевизияны, 51,3 пайызы әлеуметтік платформаларды негізгі ақпарат көздерінің қатарына қосқан.
Телевизияның ықпалы ауылда қалаға қарағанда жоғары. Ауыл тұрғындарының 26,6 пайызы саяси ақпаратты осы арнадан алса, қалада көрсеткіш 19,9 пайызды құрайды.
Институт зерттеу нәтижелері сайлау науқанының бастапқы кезеңінде азаматтардың электоралдық таңдауы әлі де қалыптасып жатқанын көрсететінін атап өтті. Партиялардың ақпараттық белсенділігі мен сайлаушыларды жұмылдыру жұмысы азаматтардың сайлауға көзқарасына және түпкілікті таңдауына ықпал ететін факторлардың бірі ретінде бағаланған.
Сауалнама Қазақстанның 18 жастан асқан ересек тұрғындарының жынысы, жасы, тұрғылықты жерінің түрі және өңірі бойынша құрылымын қамтитын ұлттық іріктеме негізінде жүргізілген. Респонденттерге ұялы және стационарлық телефон нөмірлері арқылы хабарласқан.
Қазақстандық қоғамдық даму институты зерттеуді Орталық сайлау комиссиясына берілген ресми хабарлама негізінде өткізген. Сауалнама деректері ОСК-ның 2026 жылғы 8 шілдедегі №ОСК-11-07/1290 жазбаша хабарламасына сәйкес жарияланған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







