YouTube-тағы ең танымал саяхатшылардың бірі Джо Хаттаб Қазақстан туралы деректі фильмін жариялады. Жаңа туынды небәрі бірнеше сағаттың ішінде миллионнан астам қаралым жинап, еліміздің табиғаты мен тарихын жиырма миллиондық аудиторияға алып шықты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Фильм «Қазақстанның ішінде: ядролық зымырандар, ғарыш кемелері және бүркітшілер» деген атаумен жарық көрген. Автор елімізді жұрт бұрыннан білетін ресми көріністермен шектемей, ғарышқа жол ашқан өлке, ядролық сынақтың зардабын көтерген мекен және көшпелі мәдениеттің жұрнағын сақтап қалған дала ретінде таныстырады.
Кадрға Маңғыстаудың басқа ғаламшарды елестететін шатқалдары, Іле Алатауының гүл көмкерген бөктері, Астананың сәулеті, қазақ ауылының тұрмысы, ат үстіндегі бүркітшілер мен ұлттық дастарқан енген. Сапар барысында Хаттабқа қазақстандық тревел-блогер Дастан Мұхамедрахим және америкалық контент авторы MegaAmerican серік болған.
«Адамзат алғаш рет Жерден ғарышқа аттанған Қазақстанға келдім. Марсқа ұқсайтын шөлден бастап, соңғы бүркітшілерге дейін көрдім», – деп сипаттаған Джо Хаттаб жаңа сапарын.
Фильм жарияланғаннан кейінгі алғашқы сағаттардың өзінде шамамен 1,3 миллион рет қаралған. Блогердің YouTube арнасына 20,9 миллион адам жазылған. Оның негізгі көрермені араб әлемінде шоғырланғанымен, фильмдері бірнеше тілде ұсынылып, ондаған елдің аудиториясына тарайды.
Қазақстандық қолданушылар роликтің астына жаппай пікір жазып, өзіндік челлендж де бастап кетті. Олар Хаттабтың Сальвадор түрмесі туралы 100 миллионға жуық қаралым жинаған фильміндегі 51 мың пікірден асып түсуді көздеп отыр.
Джо Хаттаб елге биыл мамыр айының соңында келген еді. Екі айдан астам уақыт күткен фильм енді Қазақстанның мемлекет тапсырысымен әзірленген жарнамасыз-ақ әлемдік аудиторияға жол таба алатынын көрсетіп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







