23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттары сайлауы қарсаңында «Халық үні» тәуелсіз байқаушылар тобы өңірлердегі жұмысын күшейтті. Ұйым өкілдері бірнеше қалада семинар өткізіп, болашақ байқаушыларды сайлау заңнамасы мен қоғамдық бақылау тетіктеріне үйретіп жатыр, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Құрылтай сайлауына жеті тіркелген саяси партия қатысады. Саяси науқан қызған тұста дауыс беру барысын тәуелсіз бақылауға дайындық та қатар жүріп жатыр.
«Халық үні» тобының өкілдері Нұрболат Нышанбай, Дос Көшім және Нұргелді Әбдіғани Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Тараз және Талдықорған қалаларына барып, жергілікті тәуелсіз байқаушылармен кездесті. Өңірлерде штабтар құру және байқаушылар пулын қалыптастыру жұмысы жалғасуда.
Сапар барысында арнайы оқыту семинарлары ұйымдастырылды. Қатысушыларға сайлау процесін реттейтін құқықтық нормалар, байқаушының өкілеттігі, құқықтары мен міндеттері түсіндірілген.
Мамандар дауыс беру күні байқаушының заң аясында әрекет етуі, сайлау учаскесіндегі рәсімдерді дұрыс тіркеуі және қандай жағдайда заң бұзушылыққа назар аудару қажеттігіне тоқталды. Семинар кезінде нақты тәжірибелік жағдайлар талқыланып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берілді.

«Біздің миссиямыз қандай да бір саяси партияны немесе кандидатты қолдау емес. Міндетіміз – әр дауыстың заңға сәйкес саналуына, сайлаудың ашық әрі әділ өтуіне және сайлау процесіне қатысушылардың тең жағдайда болуына ықпал ету», – дейді топ өкілдері.
Нұрболат Нышанбай тәуелсіз қоғамдық бақылауды демократиялық институттардың дамуына ықпал ететін маңызды тетік деп есептейді.
«Соңғы үш жылда пікірлес әріптестерімізбен бірге еліміздегі бірқатар маңызды саяси науқанға белсенді қатысып келеміз. Демократиялық институттардың орнығуы үшін тәуелсіз қоғамдық бақылау мәдениетін қалыптастыру аса маңызды. Мақсатымыз – сайлау процесінің демократиялық қағидаттарға, заң талаптарына және халықаралық стандарттарға сай өтуіне қоғамдық бақылау жасап, азаматтық жауапкершілік пен кәсіби тәжірибе арқылы демократиялық институттардың нығаюына үлес қосу», – деді ол.
Топ сайлау күніне дейін өңірлердегі байқаушыларды даярлау мен ұйымдастырушылық жұмысты жалғастыруды жоспарлап отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







