Бішкектегі ең даулы сот процесінде тосын жағдай орын алды. Билік Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Қамшыбек Тәшиевке тікелей қатысы бар «75 адамның хатынан» құпия белгісін алып тастады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұдан былай сот ашық өтеді. Алайда істің барлық тұсы жария алаңға шықпайды. Тәшиев туралы масқара, құпия мәліметпен бөліскісі келетін куәгерлер мемлекет тарапынан қорғалады. Олардың жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін дерек жария етілмейді, куәгерден жауап алу бөлігі жабық режимде өтеді.
«75-тің хаты» Қырғызстандағы саяси сахнаны шайқалтқан шағымнан басталған. Тәшиевке бағынышты бір топ саясаткер мен қоғам қайраткерлері (барлығы 75 адам) Жапаровқа үндеу жолдап, президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуді талап еткен-тұғын.
Тергеу нұсқасы бойынша, үндеуде билікті күшпен басып алуға шақыру белгілері байқалған.
Қамшыкеңнің айтқанын екі етпейтін әлгі топ оның атынан депутаттарға, басқа да ықпалды тұлғаларға қоңырау соғып, «генерал жағына өтіңдер» деген мазмұнда үгіт жүргізген. Дәл осы мәселе тандемнің арасындағы конфликтіге тікелей триггер болған.
«Ол ма, ол ерте ме, кеш пе президенттікке ұмтылар еді. Жапаров 2020 жылы президенттікке Қамшыбектің арқасында келген. Осы күнге дейін берік саналған саяси одақ өзінің ғұмырын аяқтады, тұрақтылық кепілі болудан қалды», — деген еді осыған дейін Ertenmedia.kz-ке пікір білдірген сарапшы Нұрлан Жұмахан.
Бірнеше ай бұрын ғана бүкіл елге әмірін жүргізген Тәшиев қазір осы істің ең ірі фигуранты. Жапаров «жан жолдасын» 10 ақпанда қызметінен босатқан. Экс-төрағаға президентті тақтан тайдырып, билікті күшпен басып алуға әрекеттенді және қызметтік өкілетін асыра пайдаланды деген айып тағылып отыр.
Тәшиевпен бірге экс-бас прокурор Кұрманкұл Зулушев, Жоғарғы Кеңестің бұрынғы төрағасы Нұрланбек Тұргунбек уулу және тағы бірнеше шенді тергеуден өтуде. Тәшиевтің өзі қамауда емес, сотқа өз аяғымен келіп жүр екен.
Енді жабық есік артындағы ең үлкен саяси істің бір бөлігі көптің көз алдында қаралады.
Айта кетелік, бұған дейін Испанияда тұрып жатқан елдің экс-президенті Алмазбек Атамбаев Жапаров билігінің жасырын схемасын әшкерелеген еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







