Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Станислав Черчесовтің баспасөз жиыны кезіндегі әрекетіне қатысты мәлімдеме жасады, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz msports.kz-қа сілтеп.
«Жазбада видеоның үзіндісі көрсетілген. Негізі бұл сұрақты Францияның ПСЖ клубының формасын киіп жүрген қазақстандық журналист Бегасыл Сейітқанов баспасөз мәслихатында қойғаннан кейін бас бапкер әзілдеп, жауап қайтарған болатын», — деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ, федерация ресейлік маман қазақ елінің мәдениеті мен тіліне құрметпен қарайтынын хабарлаған.
Станислав Черчесов қазақ тілі мен еліміздің мәдениетіне үлкен құрметпен қарайды, сонымен қатар қазақ тілін белсенді түрде оқып жатқанын мәлімдейміз, — деп хабарлады федерация.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің басы дауға қалғаны хабарланды. Ол қазақ тілінде сұрақ қойған журналиске «француз тілінде сұрап тұрсың ба?» деген. Бұл жайт қоғамда қызу талқыға түсті.