Туризм және спорт министрлігі Қазақстан футбол федерациясынан түсініктеме беруді талап етті, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Кешелі бері әлеуметтік желілерде футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің қазақ тілін кемсітуге тырысқаны туралы бейнематериал кеңінен таралып, қоғам тарапынан наразылық туғызған болатын.
«Министрлік бұл жағдайға бей-жай қарамай, Қазақстан футбол федерациясына ресми хат жолдады. Хатта мемлекеттік тілдің мәртебесі Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Тіл туралы» Заңына сәйкес жоғары тұратыны және оған барлық азаматтың құрмет көрсетуі керектігі айтылған. Сонымен қатар федерациядан осы оқиғаға түсініктеме беру және С.Черчесовпен мемлекеттік тілге құрмет көрсету туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу талап етілді.
Біз мұндай жағдайлардың қайталанбауын қамтамасыз ету үшін федерация тарапынан тиісті шаралар қолданылуы керек деп санаймыз», — деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ, ведомство Қазақстан футбол федерациясы министрлікке бағынысты ұйым емес екенін, тиісінше оның ішкі мәселелеріне араласа алмайтынын, дегенмен Қазақстандағы спорт саясатын қалыптастырып, жүргізетін ведомство болғандықтан, түсініктеме талап етуге құқылы екенін еске салды.
«Осы жазба арқылы еліміздегі өзге федерацияларды да мемлекеттік рәміздерге, ұлттық құндылықтарға құрметпен қарауға және оларға қатысты орынсыз қалжыңның алдын алуға шақырамыз», — деді министрлік өкілдері.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің басы дауға қалғаны хабарланды. Ол қазақ тілінде сұрақ қойған журналиске «француз тілінде сұрап тұрсың ба?» деген. Бұл жайт қоғамда қызу талқыға түсті.
Артынша Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Станислав Черчесовтің баспасөз жиыны кезіндегі әрекетіне қатысты мәлімдеме жасады.
«Жазбада видеоның үзіндісі көрсетілген. Негізі бұл сұрақты Францияның ПСЖ клубының формасын киіп жүрген қазақстандық журналист Бегасыл Сейітқанов баспасөз мәслихатында қойғаннан кейін бас бапкер әзілдеп, жауап қайтарған болатын», — деп жазылған еді хабарламада.