Алматының Наурызбай ауданында жерасты көлігі желісін ұзарту бойынша кешенді құрылыс жұмыстары қарқын алды. Әлеуметтік желілерде Алатау даңғылы бойында, атап айтқанда Абай даңғылының төменгі бөлігінде ауыр техникалар мен бұрғылау қондырғыларының орнатылғаны түсірілген видеолар тарады. Метрополитен мамандары бұл орындарда бір мезетте үш бірдей жаңа бекеттің құрылысы қолға алынғанын растап, олардың орналасу тәртібі мен ашылу мерзімін түсіндірді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа бағыттағы бекеттер қай жерде орналасады?
Құрылыс жұмыстары метроның бірінші желісін салынып жатқан «Қалқаман» станциясынан «Барлық» базарына дейін ұзарту жобасы аясында жүріп жатыр. Ұзындығы 5,3 шақырымды құрайтын бұл бөлікте қатар үш бекет бой көтереді. Жобалаушылар оларды әзірге нөмір бойынша шартты түрде белгілеп отыр.
Бірінші бекет Наурызбай ауданы әкімдігіне жақын маңда, яғни Алатау даңғылы бойында, Абай даңғылының солтүстігі мен Сәбденов көшесінің оңтүстік аралығында салынады. Әлеуметтік желіде қызу талқыланған құрылыс алаңы дәл осы бекетке тиесілі. Екінші бекет Алатау даңғылы мен болашақ Төле би көшесінің қиылысында бой көтерсе, үшінші бекет «Барлық» базары аумағында орналасады.
«Жобалау барысында нысандар уақытша I, II және III станциялар деп белгіленді. Олардың ресми атаулары қолданыстағы заңнамада көрсетілген тиісті тәртіппен кейінірек бекітіледі», – деп нақтылады метрополитен өкілдері.
Құрылыс барысы мен іске қосу мерзімі
Мамандардың айтуынша, жұмыс үш учаскеде де бір уақытта басталғанымен, қазір әртүрлі кезеңде тұр. Бірінші бекетте электр желілері мен газ құбырлары сияқты инженерлік коммуникацияларды көшіру жұмыстары аяқталып, айналма жол салынды. Қазір мұнда жер қазу шаралары басталды.
Екінші бекет маңында да инженерлік желілерді көшіру және айналма жол төсеу процесі аяқталып қалды. Ал құрылыс жұмыстары ең белсенді жүріп жатқан нысан – «Барлық» базарының маңы. Бұл учаскеде қазіргі уақытта жер қазу және бетондау процесі жүріп жатыр, соның ішінде вестибюль мен платформа аумағы құйылуда.
Жауапты мекемелер «Қалқаманнан» «Барлық» базарына дейінгі 5,3 шақырымдық жаңа телімді толық аяқтап, 2029 жылы пайдалануға беруді жоспарлап отыр.
«Қалқаман» станциясы қашан ашылады?
Жаңа телімнің бастауы саналатын «Қалқаман» станциясының құрылысына 67,8 миллиард теңге бөлінген. Жерастындағы негізгі құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, қазіргі таңда нысанның айналасын абаттандыру, ағаш отырғызу және көлік тұрағын реттеу жұмыстары жүргізілуде. Станцияны іске қосу-реттеу сынақтарынан кейін, 2026 жылдың соңына қарай ресми түрде жолаушылар үшін ашу көзделген. «Қалқаман» пайдалануға берілгенде, метро желісі тағы 2 шақырымға ұзарады.
Алматы метросының ауқымды даму жоспары
Қазақстандағы әзірге жалғыз метрополитен 2011 жылдың 1 желтоқсанында іске қосылған еді. Қазіргі таңда 14,3 шақырымға созылған бірінші желіде 11 бекет («Бауыржан Момышұлынан» «Райымбек батырға» дейін) үздіксіз жұмыс істеп тұр. Осы жылдар ішінде жерасты көлігі 83 миллионнан астам жолаушы тасымалдады. Бүгінде қаладағы қоғамдық көлік тасымалының 8,2 пайызы осы метроға тиесілі, ал жолаушылар ағыны жыл сайын шамамен 10 пайызға артып келеді.
Қаланың бас жоспарына сәйкес, метрополитен үш дербес тармақтан тұратын ірі көлік желісіне айналуы тиіс:
Бірінші қызыл желі болашақта екі бағытта да кеңейеді. Ол батысқа қарай «Барлық» көлік-ауысып отыру торабына дейін жеткізілсе, солтүстікке қарай «Райымбек батыр» бекетінен Алматы-1 теміржол вокзалына дейін ұзартылады. Вокзал бағытында тағы бес бекет қосылып (7,7 шақырым), бүкіл бірінші желінің бекеттер саны 20-ға, ал ұзындығы 29,2 шақырымға жетеді.
Екінші көгілдір желі «Жібек жолы» бекетінен басталып, халықаралық әуежайға дейін созылады. Ұзындығы 14 шақырым болатын бұл бағытта 8 бекет салу көзделген. Оның құрылысын 2027 жылы бастап, 2032 жылы аяқтау межеленген. Сонымен қатар, бұл желі болашақта Әл-Фараби даңғылы мен Тимирязев көшесі бойындағы тұрғын аудандарды қамти отырып, қаланың батысы мен шығысын толық тұйықтайды.
Үшінші жасыл желі болса, жаңадан құрылған Алатау қаласы мен Gate City ауданын бірінші бағыттағы «Сайран» бекетімен тікелей байланыстырмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







