Араб әмірліктерінде бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев әулетінің де активтері бар болып шықты. Бұл туралы «Азаттық» зерттеуінде айтылған, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Былтыр «Менің өмірім» деп атаған мемуарында Нұрсұлтан Назарбаев мұсылманша некеге отырғанын мойындап, бейресми әйелі Әсел Құрманбаеваны көпшілікке таныстырды.
«Әсел Құрманбаева – Palm Jumeirah аралындағы AQUAMARINE RESIDENCE-3 деген үйдің 2-қабатында жайғасқан бір пәтердің иесі. Ондай мүліктердің нарықтағы құны 900 млн теңгеден (2 млн доллар) басталады», — деп жазылған деректе.
Ауласында бассейн, керек-жарақтың бәрі бар. Құрманбаева алған пәтердің аумағы 210 шаршы метр. Үш бөлмелі.
Айта кетейік, Әсел Құрманбаева – Астана балет театрының арт-менеджері (құжаттардағы тегі Құрманбаева болса да, ол сайтта фамилиясын Исабаева деп көрсеткен). Оның есімі бұған дейін халықаралық журналистер жасаған зерттеуде де аталған. Зерттеуде Құрманбаеваның офшордағы компаниялар арқылы 30 млн доллар пайда көргені жайлы айтылған.
Басылым дерегінше, Нұрсұлтан Назарбаевтың мемуарына кірмеген, бірақ оның тағы бір бейресми әйелі деп аталатын Гүлнара Рақышева Дубайда жобасы 2000 жылдары басталған жылжымайтын мүлікке инвестиция жасаған.
«Құжаттарға сәйкес, Рақышева DUBAI PEARL деп аталатын кешенге ақша құйған. 2002 жылы басталған жоба құрылысы 2009 жылы тоқтап қалған. Былтыр аяқталмаған құрылыс бұзылып, жермен-жексен болды. Енді өзге инвесторлар оның орнына пішіні Астанадағы EXPO ғимаратына ұқсайтын шар тәрізді кешен салатын болды деген хабар тарады», — деп жазылған деректе.
Рақышева жылжымайтын мүлікке салған қаржысын қайтарып алды ма, әлде жаңа ғимараттан мүлік ала ма, беймәлім. Бұл туралы «Азаттық» оның жеке деректерімен сәйкесетін аккаунтқа хат жолдаған.
Гүлнара Рақышева деген аккаунт иесі нақты жауап бермеген. «Бизнес аш, жұмыс істе де табыс тап, кім кедергі, әлде миың жетпей ме?» деп хат жолдаған.