Мәжілістегі Үкімет сағатында мұнай саласының қазіргі жағдайы және оны дамыту перспективалары талқыланды. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев баяндама жасады. Алайда Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин министрдің кейбір мәлімдемелеріне күмәнмен қарады, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Депутаттың айтуынша, «Қашаған», «Теңіз», «Қарашығанақ» секілді үш ірі кен орнынан басқа мұнай-газ кен орындарында жыл сайынғы шикізат өндіру көлемі төмендеп жатыр. Мысалы, соңғы бес жылда, мұнай-газ өндіру 36 млн. тоннадан, 30 млн. тоннаға дейін азайып отыр.
Ал Қызылорда облысында мұнай өндіру көрсеткішінің едәуір түскені байқалып, өндіру көлемі соңғы 10-15 жылда 5 есе азайған.
«Мұнай өңдеу қуатын ұлғайту және мұнай өнімдерінің сапасын арттыру мақсатында үш мұнай өңдеу зауытын жөндеуге және жаңғыртуға 2 трлн. теңге жұмсалды, бұл ретте мұнай мен газ конденсатын өңдеудің жыл сайынғы көлемі 18 млн. тоннадан аспайды», — дейді депутат.
Депутат мұнай өндіру көлемі азайып жатқанына, осы ретте импортқа сүйеніп отырғанымызға назар аударды.
«Бізде жыл сайын мұнай өнімдерінің тапшылығы байқалады, ол импорт есебінен жабылады. Мұнайдың үстінде отырған мемлекет үшін бұл — нонсенс. Іс жүзінде Қазақстан бензин, авиациялық отын, дизель отыны бойынша импорттық отынға тәуелді және 7 жыл ішінде елімізге 6 млн. тоннадан астам мұнай өнімдері импортталды. Еліміздегі жанар-жағармай өнімдерінің дефицитін негізінен Ресей мемлекетінен импорттап отырмыз. Бұл мәселені шешетін уақыт келді. Жаңа ғана министрдің баяндамасында алдағы 8 жылда мұнай өндіруді 56 процентке көтеріп, 28 млн. тоннаға жеткізу жоспары бар екенін естідік», — дейді Жаңбыршин.
Мәжіліс депутаты Жаңбыршин министр Сәтқалиев айтқан жоспар уақытында орындалатынына күмәні барын жеткізді. Депутат бірнеше маңызды сұрақ қойды:
- Бірінші.Үш китті есепке алмағанда еліміздегі компаниялардың мұнай өндіру мүмкіндіктері төмендеуде, яғни жоспарланған қосымша 10 млн. тонна мұнайды қайдан аламыз? Қазіргі инфрақұрылымның мүмкіндіктері шектеулі екенін ескерсек, ол көлем табылған күнде оны қайдан, қалай тасымалдаймыз?
- Екінші. Тек экспортқа мұнай шығаратын Трансұлттық компаниялар ішкі нарыққа Отандық компанияларға қойылған арнайы төмен бағамен қажетті көлемдемұнайды сата ала ма? Олармен келіссөздер жүргізіліп жатыр ма? Қазіргі ішкі нарықты мұнай бағасының диапазоны 30-40$ USA, ал сыртқы нарықта – 60-80$ USA.
- Үшінші. Қосымша өндірілетін 10 млн. тонна өнімді қайта өңдеу үшін міндетті түрде жаңа зауыт салынуы керек. Сол салынатын зауыттың орны, жобалық құжаттары, инфрақұрылымы, қаржысы, инвесторы, технологиясы белгілі ме? Бұл жөнінде нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр ма?
«Біздің қолымызда төртінші мұнай-өңдеу зауытын салу бойынша нақты ақпарат жоқ. Министрдің баяндамасынан да естімедік», — деді ол.