Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровты әбден састырды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровқа бюджетке енгізілген түзетулерге қатысты сұрақ қойды.
«Биыл Үкімет Парламенттің қатысуынсыз бюджетке тоғыз түзету енгізді. Парламенттің қатысуынсыз бюджетке түзету енгізу Президент Тоқаевтың қоғамдық бақылау концепциясына сәйкес келмейді. Депутат жоқ, өздеріңіз қожа, өздеріңіз би, рахат деген сияқты. Сол өзгерістер аясында бір бағдарламаға бірнеше рет өзгеріс енгізілген. Сол өзгерістерде биыл қандай шығындар қысқарды, олардың қаншасы инвестициялық жобаларды іске асыруға байланысты? Ең негізгісі: осы қысқарған бағдарламаларды ертең депутаттарға қайтадан алып келіп, бюджетке кіргіз деп өтініш жасамайсыздар ма?» — деді депутат.
Нұрлан Байбазаров биыл бюджетке тоғыз емес, он рет түзету енгізілгенін, бұл халықтың тұрмысын жақсартуға, экономикалық өсімді ынталандыруға бағытталғанын мәлімдеді.
Қошановқа министрдің жауабы ұнамай қалды.
«Бюджетке он рет өзгерту жасадық деп ерлік жасағандай айтып отырсыз. Ай сайын бюджетке өзгеріс енгізіліп отырған. Яғни бюджеттік тәртіп ақсап жатыр деген сөз. Солай ғой?! Депутаттың сұрағы дұрыс. Үкімет қаперіне алуы керек», — деді Қошанов.