Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Қазақстанның сыртқы қарызына қатысты мәселені көтерді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
«Жауапкершілік мәселесіне тағы да тоқталғым келіп отыр. Жапониядан төмен пайызбен 15 жылға қарыз аламыз деп жатырмыз. Бұл мақтанатын жағдай емес. Бюджеттің тапшылығын жабу үшін 3,6 триллион теңге қарыз алып жатырмыз. 600 миллиард теңгесін шетелден алып жатырмыз. Шығын көп, кіріс аз. О баста айтылған, 3 триллион теңге көлемінде жоспарланған салық бюджетке биыл да түспеді. Ең қызығы, бізде ешкім жауап бермейді. Дұрыс жоспарлау жоқтығын айтып отырмын. Келесі жылы «міндеттемені тағы да орындай алмаймыз, тағы да қарыз алатын болдық» деп ратификацияны құшақтап келесіздер», — деді ол.
Депутат Ұлттық қордың түбі көрінейін дегенін айтты.
«Ең болмаса форс мажор жағдайды ескеріп, мұнайдың бағасы осыншаға түсуі мүмкін деп бір жылға жоспарлауды үйренсек екен деймін. Мұнайға жатпайтын кірістерді көбейту мәселесі бар. Үкімет кәсіби жұмыс істеп, кіріс бөлігі бойынша дұрыс болжам жасауды үйренбесе, әдемі цифрлар, жалған статистика түбінде бізді құрдымға кетіреді», — деді депутат.
Мақсат Толықбай Үкіметтен батыл қадамға баруды сұрады.
«Осы уақытқа дейін бірде-бір адам жауапқа тартылды дегенді естімедік. Ешкім жауап бермейді. Қазір банкке барып, несие алсаң, төлей алмасаң, үйіңді, пәтеріңді тартып алады. Сондықтан Үкімет күндіз-түні ұйықтамай жұмыс істеп, батыл қадамдарға барып, жауапкершілікті мойнына ала білуі керек. Қарыз алудың да артында парызы бар. Түбі қайтарамыз. Бірақ қалай қайтарамыз?» — деп сұрады депутат.
Айта кетейік, Мәжіліс Азия Даму Банкімен арадағы қарыз туралы келісімді ратификациялады. Азия Даму Банкі Қазақстанға 2027 жылғы 1 маусымға дейінгі жеңілдікті кезеңді қоса алғанда, 52,3 миллиард йен сомасында 15 жыл өтеу мерзімімен қарыз береді.