«Дикий Арман» лақап атымен танылған Арман Жұмагелдиевті ақтауға ұқсайтын әрекеттер байқала бастады. Блогер Жанна Ильичева күтпеген мәлімдеме жасап, жұртты елең еткізді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ильичева Facebook парақшасында Арман Жұмагелдиевтің хатына сілтеме жасап, оның айналасындағы соңғы оқиғаларға қатысты көзқарасын білдірген.
Блогер Арман жайлы алғаш рет пандемия кезінде естігенін, сол уақытта оның халыққа тегін дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтар таратып, дәрігерлер мен тұрғындардың алғысына бөленгенін жазған.
«Дәріханаларда маска мен дәрі-дәрмек тапшы кезде Арман елге көмек қолын созған еді. Кейін тұрғындардың ризашылығын жеткізген видеолары желіде көптеп тарады. Бірақ жұрт назарына ол «Ирбис пен Қасқыр» челленджі арқылы көбірек түсті. Бұл бастамаға танымал әншілер мен спортшылар ғана емес, тіпті Хабиб Нурмагомедов сияқты жауынгерлер де қосылды. Әрине, бұл челлендждің өзі қоғамда екіұшты пікір туғызғаны рас», – дейді ол.
Қаңтар оқиғасы кезінде Арманның Алматыда алаңға шығып, наразылық білдірушілерді сабырға шақырғаны ел есінде.
«Алматы халқы сол күндерді әлі ұмыта қойған жоқ. Қалаға иелік етер күштік құрылымдар жоғалып кеткендей әсер қалды. Тұрғындар үйлері мен дүкендерін қорғау үшін амалсыздан ерікті жасақтар құрып, өз бетімен қорғануға мәжбүр болды. Мародерлер қаладағы ахуалды пайдаланып, жағдайды күрт ушықтырып жіберді. Ақыры бейбіт басталған наразылық толықтай бейберекетсіздікке айналды», – деп жазады блогер.
Жанна Ильичева кейіннен «Новая газета» жариялаған Жұмагелдиевтің хатына тоқталып, ондағы айтылған ақпаратқа назар аударады.
Арманның хатына сенуге бола ма?
Арманның айтуынша, оның Қазақстанға оралуына күштік құрылымдар тікелей араласып, арнайы «жасыл дәліз» ұйымдастырған көрінеді. Қаңтардағы бүлік басталған кезде де, дәл осы құрылымдар қаладағы тәртіпті сақтауға оның көмегіне жүгінген.
«Құқық қорғау органдарының жағдайды реттей алмай, ақырында Жұмагелдиевтің жігіттеріне ауруханалар мен маңызды нысандарды қорғауды тапсырғаны рас па деген сауал туындайды.
Арманның сөзіне қарағанда, әкімдік өтінішімен Алматыдағы алты аурухананы сол күндері дәл осы азаматтар қорғаған екен. Қазір қолдарында дәлел ретінде фото, видео және дәрігерлердің куәліктері бар дейді.
Сот процесінде №12 аурухана дәрігерлері бұл ақпаратты растаған көрінеді», – деп жазады блогер.
Қаңтар оқиғасынан соң Арман Жұмагелдиев жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген күдікпен қамауға алынғаны мәлім.
«Әрине, оны періште деуге келмейді, бірақ Арманға тағылған айып қоғамда түрлі күмән туғызады. Алматыдағы оқиғалар үшін шын кінәлілер тасада қалып, бар кінәні бір ғана адамға аударып жатқан сияқты. Бұл істі ашық сот форматында өткізсе немесе тікелей эфирден көрсетсе, бәлкім ақиқатқа көз жеткізер едік. Біз сол бұлдыр, әрі қорқынышты қаңтардағы оқиғаның шынайы келбетін білгіміз келеді», – деп түйіндейді Жанна Ильичева.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

