Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Абзал Құспан көлік министрі Марат Қарабаевты әбден састырды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
«Министр мырза, осы екі жылдың ішінде сіздің министрліктің алдында екі ғана мәселе көтерген екенмін. Екеуі де шешімін таппады. Шешімін таппағаны былай тұрсын, сіздің министрлік екі қол, екі аяғымен қарсылық көрсетіп, тіресіп тұрып, керісінше шешілмеудің барлық жағдайын жасадыңыздар. Біреуі Air Astana-ға қатысты, бұл мәселені көтермей-ақ қояйын. Air Astana-ның нарықтағы монополиялық жағдайы сіздің министрліктің деңгейінде шешілмейтін мәселе екеніне көзім жетті. Оған қатысты сұрақ қоймаймын», — деді депутат.
Абзал Құспан Қазақстан теміржолына қатысты мәселені де көтеріп, министрге бұл мәселені бірнеше рет айтып отырғанын жеткізді.
«Осы жерге бұрынғы премьер-министр, қазіргі Жоғары аудиторлық палата төрағасы келіп, Қазақстан теміржолын банкрот жағдайының алдында тұр деп мәлімдегенін бәріміз білеміз. Сол Қазақстан теміржолына көмектесудің жолын ешқайсымыз қарастырғымыз келмейді. Бір ғана мысал келтірейінші, 2020 жылы материалдық заң қабылдадық. Барлық транзит арқылы өтетін жүк тасушы алдын ала, бір күн хабарлауға міндетті дедік. Бірақ осы талапты орындамаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік туралы мәселе шешілмей қалды. Қазіргі Қазақстан теміржолының есебінше, үш жылдың ішінде тек Ресейдің астық тасымалы бойынша шеккен зиянымыз — 123 млрд теңге. Осыған байланысты жасырын транзитті сақтамаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік енгізу туралы ұсыныс бердік. Бірақ, өкінішке қарай, сіздің министрліктің табанды қарсылығының нәтижесінде Үкімет оған теріс қорытынды берді. Нәтижесінде Әкімшілік кодекстен осы норманы алып тастауға мәжбүр болдық. …12 маусымда пленарлық отырыста сізге осы сұрақты қойғанмын. Сіз жазбаша жауабын береміз дедіңіз. Міне, менде хаттамасы бар. Бірақ одан кейін хабарсыз кеттіңіз», — деді ол.
Көлік министрі Марат Қарабаев Қазақстан теміржолына қатысты мәселеде әрқашан ашық екенін айтып ақталды.
«Жазбаша жауап беремін деп айтпадым. Қандай мәселе көтергеніңізді түсінбей тұрмын деп айттым. Содан соң хабарласайық дедім. Сіз де хабарласпадыңыз. Ешқашан депутаттарды қабылдамаймын деген жоқ. Кездесейік, қандай мәселе екенін түсінейін. Бас тартып тұрған ештеңеміз жоқ. Сіз өзіңіз хабарласамыз дедіңіз, жақсы дедік. Осыдан кейін кездесіп, мәселе неде екенін түсінейін. Бірге қарастыруға дайынмын», — деп жауап берді министр.