Депутат Берік Бейсенғалиев атышулы «Biz Birgemiz Qazaqstan» қорының құрылтайшылары арасында өзінің партияластары барынан бейхабар екенін мәлім етті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депутатқа журналистер: «Қор құрылтайшылары қатарында Amanat партиясының мүшелері бар екені анықталды. Осыған қатысты партия ішінде тергеу жүргізіле ме?» – деп сұрақ қойған еді.
«Шынымды айтсам, қор құрылтайшылары арасында Amanat депутаттары бар екенінен хабарсызбын. Мен тек жауапқа тартылған әйел туралы ғана білемін. Партия депутаттары құрылтайшы болған деген ақпарат маған беймәлім», – деп жауап берді Бейсенғалиев.
Ал партия ішінде тексеріс бастала ма деген сауалға депутат қысқа ғана «білмеймін» деп жауап қайырды.
Еске сала кетсек, бұған дейін Biz Birgemiz Qazaqstan қорының өкілі Перизат Қайрат көктемдегі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға деп жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікпен ұсталған еді.
Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегінше, жиналған қаражаттың едәуір бөлігі зардап шеккендерге емес, күдіктінің жеке мүддесіне жұмсалған. Нақтырақ айтқанда, ол көктем айларында елордалық автосалондардан жалпы сомасы 207 млн теңгеге үш қымбат көлік алған. Олардың ішінде Mercedes-Benz S450 (88 млн теңге), Lexus LX-600 (80 млн теңге), Haval (39 млн теңге) автокөліктері бар.
Бұған қоса, Перизат Қайрат елордадағы элиталық тұрғын үй кешендерінен («Akbulak Riviera», «Highvill Ishim Gold», «Көк Жайлау», «Vela Village») жалпы құны 600 млн теңгенің жылжымайтын мүлігін сатып алған.
Дубай, Доха, Лондон…
Одан бөлек, қайырымдылыққа жиналған ақшаға Дубай, Доха, Лондон мен Стамбулдың бес жұлдызды қонақ үйлерінде («St. Regis», «Shangri-La», «Palazzo Versace», «Kempinski») демалған. Осы сапарлар кезінде қымбат зергерлік бұйымдар мен сәнді киімдерді («Cartier», «Louis Vuitton») сатып алып, яхта жалдап, элиталық мейрамханаларда көңіл көтерген. Агенттіктің айтуынша, күдікті қор ақшасын қолма-қол ақшаға айналдыру үшін таныстары мен туыстарына 8 пайыздық сыйақы төлеп отырған.
ҚМА сондай-ақ күдіктінің тағы бір заңсыз әрекетін әшкереледі. Перизат Қайрат былтыр қарашада Палестина халқына гуманитарлық көмек көрсету мақсатында қаражат жинауды ұйымдастырған.
Желтоқсанда осы ақшадан елордадағы «Sensata Plaza» кешенінен 49 млн теңгеге пәтер және 30 млн теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic көлігін сатып алған. Қалған соманы БАӘ-де «Rolex», «Prada», «Fendi» сияқты брендтердің бұйымдарына жұмсаған. Қазір күдіктіге қатысты тергеу жалғасып жатыр.
Бұған дейін біз сенат спикері Мәулен Әшімбаев пен Перизат Қайратты не байланыстыратынын жазған едік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

