Бірнеше күннен бері БАҚ пен әлеуметтік желіде «Астананың бас имамына тиесілі» делінген зәулім сарай төңірегінде қызу талқы жүріп жатыр. Бұл үй шын мәнінде кімдікі екені анықталды, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Бұған дейін желіде тараған видеода белгісіз ер адам «бас имамның үйі мешіт сияқты үлкен екенін, оның төрт әйелі барын» айтқан еді.
«Не деген сарай мынау?! Төрт әйелі бар дейді. Жаңа осы үйдің аспазын алып келдім. Аспазы бар тағы. Сендердің садақаларыңмен жалақысын төлейді», — дейді видеода ер адам.
Кейінірек Астананың бас имамы Ербол Жүсіпов бұл жалған ақпарат екенін мәлімдеді.
«Әлеуметтік желіде белгісіз бір азамат жалған парақша арқылы «Мынау тұрған зәулім үй Астана қаласының бас имамының үйі» деген мазмұнда видео бөліскен. Бұл мүлдем шындыққа жанаспайтын өтірік ақпарат екенін қаперлеріңізге саламын», — деді ол.
Сондай-ақ, ҚМДБ өкілі Ағабек Қонарбайұлы үй кімге тиесілі екенін көрсететін видео жариялады.
«Мен — Нұрлан Лесбекұлы. Соңғы кезде әлеуметтік желіде осы үй бас имамның үйі деп көрсетілген екен. Ол — жалған ақпарат. Бұл үй — менің үйім. Осы үйде 15 жылдан бері тұрып жатырмын, өзім соғып, өзім кіргенмін», — дейді видеодағы ер адам.