Депутат Еділ Жаңбыршин Қазақстанның ішкі-сыртқы саясатындағы өткір әрі даулы мәселелерге байланысты ашық пікір білдірді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депутат Adal Adam арнасына берген сұхбатында заңнамалық өзгерістерге қатысты шетелден қаржыландырылатын ұйымдардың белсенді әрекет ететінін, кей жағдайда олардың тіпті жеке басқа өтіп, ар-намысқа тиетінін атап өтті.
«Иесіз иттерге байланысты заң жобасын ұсынғанымызда бізге қарсы үлкен ақпараттық шабуыл жасалды. АҚШ-тың көптеген штаттарында, Израильде және Еуропаның бірқатар елінде көшеде қаңғып жүрген иттерді белгілі уақыттан соң эвтаназиялайды.
Осы норманы біздің заңға енгізгенімізде, зооқорғаушылар қатты қарсылық танытты. Олардың артында шетелдік қаржы тұр деген ақпараттар да бар. Бір қызығы, ақбөкен немесе итбалық жаппай қырылғанда үндемей қалғандар иттің мәселесі көтерілгенде құтырынып кетеді. Иттің өмірі баланың өмірінен қымбат па?
Иттен қорыққан әйел түсік тастаса, баланың денсаулығына зиян келсе, кім жауап береді? Бірақ олар бұны ойламайды. Бізге «жепутаттар», «живодерлер» деп жала жабады. Жеке басымызға ауыр сөздер айтады. Үндемеймін, бәріне бір Құдай төреші», – деді ол.
Ресей арадағы жеті мың шақырым…
Сонымен қатар депутат Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастарға қатысты пікірін білдірді.
«Ресей біздің іргемізде тұрған алып ел. Екі ел арасында 7 мың шақырым ортақ шекара бар. Біздің тұрақтылығымыз Ресейдің де тұрақтылығының кепілі. Егер Қазақстанда дүрбелең болса, Ресейге де қауіп төнеді. Шекара ашылып қалады. Сондықтан Ресей біздің мықты әрі тұрақты болуымызды қалайды деп ойлаймын. Осы тұрғыдан келгенде, Қаңтар оқиғасы кезінде ОДКБ-ның араласуы сол тұрақтылықты сақтауға бағытталды. Олардың негізгі мақсаты Қазақстанды тұрақсыздандыру емес», – деді Жаңбыршин.
Украинадағы жағдайдан кейін қазақстандықтардың бойында пайда болған үрейге қатысты депутат бұл мәселені де түсіндірді.
«Шындығында, бізге ешкім соғыс ашпайды. Солтүстіктегі көршіміз екі вентильді жапса жеткілікті. КТК мұнай құбырын және Қарашығанақ газын тоқтатса, бюджетіміздің жартысынан көбі бос қалады. Жұмыссыздық көбейіп, халық көтеріледі. Қару кезенудің еш қажеті жоқ. Осыны көпшілік түсінбей отыр. Бұл – ащы болса да, шындық», – деді депутат.
Жаңбыршинді кімдер жек көреді?
Сондай-ақ, ол өзіне қатысты айтылған түрлі қауесеттерге, ақпараттық шабуылдардың себебіне де тоқталды.
«Парламентке келген соң өткір мәселелерді көтеріп, олигархтарға, жемқор жүйеге қарсы шыға бастадық. Бұған дейін еркін жүрген алпауыттарды депутаттар алдына шақырып, есеп талап еттік. Әрине, осы әрекеттеріміз олардың мүддесіне тиіп жатыр. Сондықтан ақпараттық киллерлер іске кірісіп, жеке басыма қатысты түрлі қауесеттер таратуда. Мұның бәрін түсінемін, қалыпты құбылыс», – деді Жаңбыршин.
Депутат «саяси мансабының артуына Аслан Мусин ықпал етті» деген сыбысты да жоққа шығарды.
«Өмірімде Мусинмен кездеспеппін. Егер бірге түскен суретім, сөйлескенім болса, жариялай берсін. Мен Ақтау қаласының әкімі болып тағайындалғанда облыс әкімі Бауыржан Мұхамеджанов еді. Сол кездегі Президент әкімшілігінің басшысы болған Мусинмен ешқандай қарым-қатынасым болған емес. Адам сену үшін өтірікті өкіртіп айтады ғой, бұл да сондай жағдай. Мен туралы жазбаған нәрселері жоқ. Бірақ шектен шыққандарды сотқа беруге тура келеді», – деді депутат.
Айта кетелік, бұған дейін депутат Абзал Құспан атышулы Бергей Рысқалиевке қатысты шындықты айтқан болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

